«Қазгидромет» синоптиктері 5 қаңтар күні еліміздің көптеген өңірінде қолайсыз ауа райы сақталатынын ескертеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жел өтіндегі Қазақстан
Абай облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде түнде қар жауып, боран соғып, көктайғақ болады. Күндіз өңірдің оңтүстігі мен орталығында осындай ауа райы сақталады. Таңертең және түнгі уақытта облыстың шығысы мен оңтүстігінде тұман түседі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, жылдамдығы секундына 15-20 метрге, Жарма ауданында 23 метрге дейін жетеді. Семейде түнде және таңертең қар жауып, боран, көктайғақ күтіледі.
Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде түнде қар жауып, боран соғады. Ал оңтүстігі мен шығысында аздап қар жауып, жаяу бұрқасын көтеріледі. Күндіз өңірдің солтүстігі, оңтүстігі мен шығысында қар жауып, бұрқасын болады. Сондай-ақ батыс, оңтүстік және шығыс аймақтарда тұман түседі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, облыстың батысы мен солтүстігінде секундына 15-20 метрге жетеді. Көкшетауда таңертең және күндіз оңтүстік-батыстан күшті жел тұрып, жылдамдығы 15-20 метр секундқа жетеді.
Ақтөбе облысының солтүстігі мен солтүстік-батысында түнде қар, көктайғақ және бұрқасын күтіледі. Күндіз өңірдің батысы, солтүстігі мен солтүстік-шығысында жаңбыр жауып, арты қарға ұласып, боран мен көктайғақ болады. Облыстың батысы, шығысы мен оңтүстігінде тұман күтіледі. Ақтөбе қаласында түнде қар жауып, көктайғақ болса, күндіз жаңбыр мен қар жауып, боран соғады. Оңтүстіктен соғатын желдің екпіні күндіз секундына 15-18 метрге жетеді.
Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аймақтарында 5-7 қаңтар күндері тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, батыс пен шығыс аудандарында жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Қонаев қаласында түнде тұман күтіледі. 6 қаңтарда облыста оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін барады.
Атырау облысының батыс, солтүстік және оңтүстік аудандарында тұман мен көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, күндіз облыстың солтүстігі мен шығысында жылдамдығы секундына 15-20 метр болады. Атырау қаласында тұман түседі.
Бұрқасын мен тұман арасындағы өңірлер
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде түнде қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ болады. Бұл жағдай күндіз де сақталады. Облыстың солтүстігінде таңертең тұман түседі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, солтүстік пен шығыс аудандарда екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Өскеменде қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ күтіледі.
Жамбыл облысының таулы аудандарында түнде қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ болады. Өңірдің солтүстігі, оңтүстігі және таулы аймақтарында тұман күтіледі. Солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы таулы аудандарда секундына 15-20 метрге жетеді. Тараз қаласында тұман болады.
Жетісу облысының шығысы, солтүстігі, орталығы мен таулы аудандарында көктайғақ болып, тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, облыстың шығысында екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Талдықорғанда тұман күтіледі.
Батыс Қазақстан облысының батысында түнде жаңбыр мен қар араласып жауып, бұрқасын соғып, көктайғақ болады. Осындай ауа райы күндіз де сақталады. Облыстың батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде тұман күтіледі. Жел оңтүстік пен оңтүстік-батыстан соғып, облыстың солтүстігі мен шығысында түнде секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады. Орал қаласында күндіз қар аралас жаңбыр жауып, тұман мен көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні күндіз 15-20 м/с жетеді.
Қарағанды облысының батысы, солтүстігі және шығысында түнде қар жауып, жаяу бұрқасын болады. Күндіз облыстың батысында аздап қар жауады. Өңірдің солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде тұман түсіп, көктайғақ болады. Жел оңтүстік-батыстан соғып, облыстың солтүстігі мен шығысында секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Қарағандыда тұман күтіледі.
Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде түнде қар жауып, бұрқасын көтеріледі. Күндіз қар мен көктайғақ сақталады. Өңірдің батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде тұман түседі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, облыстың батысы мен солтүстігінде жылдамдығы 15-20 метр секундқа жетеді. Қостанай қаласында таңертең және күндіз қар жауып, бұрқасын мен тұман болады. Желдің екпіні 15-20 м/с жетеді.
Қызылорда облысының шығысы мен орталығында және Қызылорда қаласында тұман мен көктайғақ болады.
Маңғыстау облысының батысы, солтүстігі мен орталығында тұман күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, облыстың батысында екпіні 15-20 метр секундқа жетеді.
Астанадағы ақтүтек
Павлодар облысында түнде қар жауып, бұрқасын көтеріледі. Күндіз өңірдің шығысында аздап қар жауып, жаяу бұрқасын болады. Жел оңтүстік-батыстан соғып, батыс және оңтүстік аймақтарда жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Павлодарда түнде қар мен бұрқасын болады.
Солтүстік Қазақстан облысының батысында түнде қар жауып, боран соғады. Күндіз өңірдің солтүстігі мен шығысында қар мен бұрқасын болады. Батыс бөлігінде тұман түседі. Петропавлда күндіз қар жауып, боран соғады. Желдің екпіні 15-20 м/с.
Түркістан облысының таулы аудандары мен солтүстігінде, батысы мен оңтүстігінде тұман болады. Түркістан қаласында да тұман күтіледі.
Ұлытау облысының шығысында түнде аздап қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ болады. Өңірдің солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында тұман түседі. Жезқазғанда тұман болады.
Шымкентте тұман түседі.
Алматы мен Астанада да қар жауып, тұман мен бұрқасын болады. Астанада желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді.
Еліміздің басты әуе компаниясы рейстердің кешігуін ауа райының қолайсыздығымен түсіндіруде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

