Президент Тоқаев Конституциялық және парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобымен кеңес өткізді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиынға Ерлан Қарин мен Ержан Жиенбаев қатысты. Кездесуде жұмыс тобы болашақ бір палаталы парламенттің құрылымы мен оның өзге билік тармақтарымен байланысын талқылады.
Президент ұсынылған бастама мен қоғамдық пікірдің маңыздылығына ерекше тоқталып, соңғы шешім жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданатынын мәлімдеді.
Келесі отырыс 15 қаңтарға жоспарланып отыр. Онда жаңа парламенттің негізгі мемлекеттік органдардың жұмысына араласу өкілеттігі қаралып, маңызды шешім қабылданады.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысын 20 қаңтарда Қызылордада өткізу туралы шешімді бекітті.
Айта кетелік, Қазақстанда Сенат жойылып, Парламент бір палаталы жүйеге көшеді. Түнеукүні осы өзгерісті әзірлейтін жұмыс тобы құрылып, оның жетекшілігіне Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин тағайындалған.
Жаңа парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев пен ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев орынбасар болып бекітілген.
Реформа аясында қазіргі Сенатты таратып, Парламентті толықтай пропорционалды сайлау жүйесі негізінде бір палаталы ету жоспарланған. Бастама 2027 жылға қарай толық жүзеге аспақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

