Қазақстанда вице-президент лауазымы пайда болады. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президенттің айтуынша, вице-президентті Мемлекет басшысы Парламенттің келісімімен, жай көпшілік дауыспен тағайындайды. Оның өкілеттігі Президенттің өзі белгілейді.
Вице-президент Қазақстанның мүддесін халықаралық форумдарда, шетелдік делегациялармен келіссөздерде қорғайды, Парламентте Президенттің атынан сөз сөйлеп, қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен байланыс жасайды.
Сондай-ақ Президент жүктеген басқа міндеттерді орындайды.
– Бұл лауазымды енгізу мемлекеттік басқаруды тұрақтандырады, билік иерархиясын нақтылайды. Дегенмен бұл өзгеріс президенттік билік институтын әлсіретпейді. Президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты орын болып қала береді, – деді Тоқаев.
Президенттің пікірінше, Қазақстан президенттік республика ретінде дамуын жалғастырады. Себебі халықаралық тәжірибе де осы саяси жүйенің тиімді екенін дәлелдеп отыр.
Сонымен қатар, Ұлттық құрылтайдың отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік кеңесші қызметін қысқарту жоспарын жария етті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

