Президент Тоқаев ел басқарудағы маңызды мәселелерді шешуге арналған жаңа орган Халық кеңесін құру туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Енді Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының бар қызметі Халық кеңесіне өтеді.
126 мүшесі бар жаңа органның төрағаларын Президенттің өзі тағайындайды.
Этносаралық және конфессияаралық келісімге қатысты түйткілдер, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі де осы Кеңестің құзырына көшпек. Тіпті жаңа органның мәртебесі Конституциямен бекітіліп, заң шығару бастамасына да ие болады.
Мемлекет басшысы парламенттік жүйеге де серпіліс беретін өзгерістер ұсынды. Мәселен, ендігі жерде Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата және Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тағайындау толығымен Парламенттің еншісіне өтеді.
Бұған қоса, Жоғарғы сот судьяларын Президент ұсынған кандидаттар арасынан Мәжіліс депутаттары таңдайды.
«Осының бәрі еліміздегі парламентаризмді дамытудағы ірі белес болмақ. Билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік пен өзара тежемелік тетіктері нығая түседі», – деді Президент.
Осылайша, Қазақстандағы саяси жүйенің сипаты айтарлықтай өзгермек. Қоғамдық келісімді реттеу мен халық үнін билікке жеткізуде Халық кеңесінің рөлі күшейіп, Парламенттің беделі арта түседі.
Айта кетелік, ел ішінде Ассамблея Назарбаевтан қалған мұра ретінде бағаланады. Бұған дейін Ertenmedia-ға пікір білдірген саясаткер Әміржан Қосанов: «Шынайы өмірден алыстап кеткен Ассамблея саяси институт ретінде өлген ұйым. Өзін-өзін толықтай дискредиттеп, ұлттық саясатқа үн қосатын құқықтан айырылған», — деген болатын.
ҚХА сонау 1995 жылы көпұлтты Қазақстандағы тұрақтылық пен татулықты сақтау мақсатында құрылған еді. Алайда іс жүзінде ұйым экс-елбасының шашбауын көтеретін құрылымға айналып, ел алдындағы сүйкімін кетіріп алған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

