Шымкентте студент қыз Нұрай Серікбайдың айуандықпен өлтірілуі елдің қабырғасын қайыстырып, қоғамды дүр сілкіндірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Тоқаев бесінші Ұлттық құрылтайда сөз алып, қыршын кеткен қыздың өліміне қатысты полиция жұмысына қатаң баға беруді тапсырды.
«Нұрайдың қайғылы қазасы қоғамға түскен ауыр соққы. Қылмыс кездейсоқ болған жоқ. Қызды қасақана аңдып, қорқытып, еркін өмір сүруіне мүмкіндік бермеген. Соңы осындай қасіретке ұласты. Сондықтан Ішкі істерге Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық тұрғыдан нақты баға беруді тапсырдым», – деді Президент.
Еске сала кетсек, Шымкентте 28 жастағы ер адам студент қызды пышақтап өлтірген болатын.
Әлемжеліге тараған бейнежазбадан бойжеткеннің қашуға тырысқанын, бірақ күдіктінің оны қуып жетіп, соққыға жығып, пышақтап тастағаны анық көрінеді. Қаскөй көп ұзамай қаладан он шақырым жерде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Марқұмның ағасы қылмыскерді ең қатаң жазаға кесуді талап етіп отыр. Туыстарының айтуынша, күдікті жігіт қызға ұзақ уақыт бойы күн бермеген: әлемжеліден іздеп, оқу орнына келіп, құрбыларына хабарлама жіберіп, сабақ кестесін торуылдап жүрген.
Нұрай жігіттің қоқан-лоқы жазбаларының барлығын скриншот жасап, дәлел ретінде сақтаған екен.
«Сен мені түрмеге отырғыза алмайсың», – деп, күдікті қызды бірнеше рет ашық қорқытқан көрінеді.
Осындай үздіксіз психологиялық қысымнан кейін қыздың өмірінен береке кеткен. Ақыры қаскөй арам ойын іске асырды. Президент осы істі Бас прокуратураның ерекше бақылауына алуды тапсырды.
Ал Шымкент қалалық полициясы басқармасының мәселесі шешілген сынды. Бұған дейін депутат Мұрат Әбенов дәл осындай сарында сөйлеген болатын.
«Шымкент полициясы қыздың ата-анасының аңду мен ұрлауға қатысты шағымына дер кезінде назар аударғанда, 21 жастағы бойжеткенді аман алып қалуға болар еді», – деген еді мәжілісмен. Әбенов осы орайда қалалық полиция департаментінің басшысын қызметтен қууды талап еткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

