Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов қызметінен босатылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазіргі уақытта ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің марқұмның туыстарының өтініштерін дұрыс қарамағаны туралы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Тергеу аясында полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріледі.
«Қоғамдық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы, оның бірінші орынбасары және бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды», – делінген ІІМ хабарламасында.
Министрлік бұл мәселеде заң бұзушылыққа, зорлық-зомбылық пен қатыгездікке жол бермейтін принципті ұстанымда екенін мәлімдеді. Оқиғаны жан-жақты тексеру үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Нұрлан Алмасбеков 1967 жылы туған. Андропов атындағы Ленинград жоғары әскери-саяси училищесін бітірген. 1990 жылдардың басынан бері құқық қорғау органдарында жұмыс істеген. Алматы облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары және Алматы қалалық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
Құрманбек Сахов 1984 жылы туған. 2001 жылдан бастап ішкі істер органдарында түрлі басшылық қызметтерде болған. 2025 жылдың ақпан-маусым айларында Түркістан облыстық ПД басшысының бірінші орынбасары, 2025 жылдың маусым айынан бері Шымкент қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары лауазымын атқарған.
Бұған дейін Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты ІІМ мен Бас прокуратураға Шымкент полициясының әрекеттерін мұқият тексеріп, құқықтық баға беруді тапсырған болатын.
Президент өз сөзінде: «Шымкентте жас қыз Нұрайдың кісі қолынан қаза табуы қоғамды дүр сілкіндірді. Белгілі болғандай, күдікті қызды бірнеше мәрте аңдып, қорқытқан. Мұның соңы осындай қайғылы жағдайға әкелді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің іс-әрекеттеріне құқықтық баға беруді, Бас прокурорға бұл мәселені мұқият тексеруді тапсырдым», – деп атап өткен еді.
Айта кетейік, 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан көз жұмды. Әлеуметтік желіде тараған видеода күдіктінің қызды қуып жүріп ұрып-соғып, пышақтағаны анық көрінеді. Оқиғадан кейін қашып кеткен күдікті 13 қаңтар күні қала маңынан ұсталды. Ол марқұмның танысы, 28 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

