Саясаттанушы Мейіргүл Жетпісбаева Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда жасаған баяндамасы еліміздің саяси жүйесін шынайы демократияландырудың нақты қадамы екенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президенттің саяси жүйені трансформациялау туралы ұсыныстары жай ғана өзгерістер емес, мемлекеттік басқаруды сапалық тұрғыдан жаңартудың бастауы саналады. Реформаның негізгі өзегі Парламентті халық билігінің шынайы өкіліне айналдыру.
– Бір палаталы Парламентке көшу және оны халқымыздың тарихындағы ерекше мәнге ие «Құрылтай» атауымен жаңғырту билік пен қоғам арасындағы сенімді қалпына келтіреді, – дейді Жетпісбаева.
Реформаға сәйкес заң жобалары енді үш кезеңмен қабылданады: жалпы мақұлдау, түзетулерді бекіту және соңғы қабылдау. Бұл заң сапасын арттырып, әр норманы жан-жақты сараптауға мүмкіндік береді.
Парламенттік реформаның тағы бір маңызды тұсы – депутаттарды сайлау тәсілі. Президенттің өз квотасынан және Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасынан бас тартуы – елді демократияландырудағы тарихи қадам.
– Енді депутаттар толықтай бәсекелестік негізде, ортақ ереже бойынша сайланады. Депутаттар санының 145-ке дейін қысқаруы мен комитеттер санының сегізден аспауы Парламент жұмысын кәсібилендіріп, ширата түседі, – деп атап өтті саясаттанушы.
Сонымен қатар Парламент Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата мен Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тағайындауға келісім береді. Жоғарғы сот судьяларын да енді тек Парламент мақұлдайды. Бұл билік арасындағы тепе-теңдік пен тежемелік жүйесін күшейтеді.
Жаңа саяси жүйеде Вице-президент институтының құрылуы мен Қазақстанның Халық Кеңесінің жасақталуы билік пен халық арасындағы диалогты нығайтады.
Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда екі ай ішінде сайлау өткізу талабын Конституцияға бекіту саяси тұрақтылық пен сабақтастық кепілі.
– Бұл реформалар жиынтығы, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен тең. Біз қазір Әділетті Қазақстанды бірге құрып, мемлекеттің жаңа дәуіріне қадам басып отырмыз. Бұл стратегиялық бастамалар халықтың игілігі үшін қызмет етеді деп сенемін, – деді Мейіргүл Жетпісбаева.
Қазақстанда вице-президент лауазымы пайда болады. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

