Түркістан облысында әлемдік деңгейдегі спорттық киімдер шығаратын кәсіпорын ашу мәселесі талқыланды. Өңір әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвестормен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесу барысында танымал спорттық киім өндіруші компанияның өкілі Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне қызығушылық білдірді. Ол аймақта мақта шаруашылығының жақсы дамығанынан хабардар екенін атап өтіп, осы мүмкіндікті пайдаланып, Түркістан қаласында спорттық киім өндірісін ашуға ниетті екенін жеткізді.
Жиында инвесторларға өңірдің индустриалды әлеуеті, инфрақұрылымы, логистикалық мүмкіндіктері және жұмыс күшінің артықшылықтары таныстырылды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан инвесторларға көрсетілетін қолдау шаралары жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан өңірінде өндіріс орнын ашуға барлық жағдай жасалғанын айтты. Ол бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Тараптар алдағы уақытта нақты ұсыныстарды пысықтап, өзара ынтымақтастықты нығайту бойынша келіссөздерді жалғастыратын болды.
Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тарту бағытындағы жұмыс қарқынды түрде жалғасып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

