Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев бүгінгі жанжалға қатысты екіұшты мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айтуынша, әлемжелі мен ақпарат құралдарында тараған деректер шындыққа сай келмейді.
«Мен бе, мен мемлекеттік қызметкермін, міндетімді атқару барысында қызметтік этиканы қатаң ұстанамын.
Бала күнімнен бапкерлерім шаршы алаңнан тыс жерде күш қолданбауға тәрбиеледі. Өз күшіме есеп бере аламын, әр әрекетім үшін жауапкершілік жүгін көтеремін.
Сондықтан қандай да бір арандатуға жол бермеймін, ермеймін де. Бұл мәселеге нүкте қойылды», – деді ол. Желідегі жұрт өз кезегінде: «Олимпиада чемпионы этиканы алға тартты, бірақ кабинеттен неге кәстүмсіз шыққанын ашып айтпады», — деп отыр.
Бұған дейін біз Қарағанды облыстық спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары, белгілі самбошы Дәурен Есімханов арасында дау шығып, арты төбелеске ұласқанын жазған едік. Тіпті бұл жағдайға байланысты полицияға арыз түсіп, «дене жарақатын салу» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қарағанды облыстық полиция департаменті оқиға болғанын растап, арызды қала тұрғыны, 42 жастағы азамат жазғанын хабарлады. Дереккөздер арызды Сәпиев жазғанын растап отыр.
Қаладағы спорт кешенінің камерасына түскен таспа әп-сәтте әлемжеліге тарап кеткен. Онда Серік Сәпиевтің кабинетке кәстүммен және құжат толы папкамен кіріп, сәлден соң кәстүмсіз, жейдемен атып шыққан сәті анық көрінеді.
Махметов не дейді?
Оқыс оқиғаға байланысты Азия дзюдо одағы президентінің кеңесшісі Айдар Махметов те пікір білдірген. Ол Серік Сәпиевтің өзімен сөйлескенін, даудың қағаз-құжатқа байланысты тұтанғанын, тіпті ешқандай төбелес болмағанын алға тартып отыр.
«Желіде тараған әңгіме шындыққа жанаспайды. Ешкім ешкімді ұрып-соққан жоқ. Қазір мәселе шешілді, тараптар тіл табысты», – дейді Айдар Махметов.
Дегенмен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті болса істі жылу жабуға қарсы секілді. Мекеме жанжалды түп-төркінін анықтап, тиісті шара қабылдамақ.
Екі кейіпкер туралы не белгілі?
Серік Сәпиев 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазір Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарады.
Оның орынбасары Дәурен Есімханов та осал емес. Әлемдік деңгейде танымал самбошы, Азия және Әлем чемпионатының жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы, World Games ойындарының күміс жүлдегері.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

