ҚР Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылы елімізде ауқымды жөндеу жұмыстары мен энергетика саласын жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба жүзеге асырылады. Бұл шаралар барлық өңірлердегі жылу және электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға бағытталған.
Ағымдағы жылы Қазақстанда 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина күрделі жөндеуден өтеді. Соның нәтижесінде жылу электр орталықтарының тозу деңгейі 61%-дан 59%-ға төмендейді деп жоспарланған. Министрлік жөндеу жұмыстары жоспарлы әрі кешенді жүргізілетінін атап өтті.
Энергетика саласын жаңғыртуға бағытталған Ұлттық жоба екінші жыл қатарынан іске асырылуда. Бағдарлама 5 жылға жоспарланып, осы уақыт аралығында елдегі инженерлік инфрақұрылым ауқымды түрде жаңартылады.
Жалпы алғанда, бес жыл ішінде республика бойынша 1,6 мың шақырым жылу желісі және 78 мың шақырым электр желісі жаңартылады. Бұл 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозуын қазіргі 52%-дан 42%-ға, ал электр желілерінің ескіру деңгейін 74%-дан 45%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Жаңғырту жұмыстары экономиканың және халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін үздіксіз қамтамасыз ете алатын орнықты отын-энергетика кешенін қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ бұл қадамдар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға тікелей ықпал етеді.
Айтпақшы, күні кеше ғана ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Павлодар облысында қуаттылығы 1 ГВт болатын жаңа жел электр станциясының құрылысы басталатынын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

