Қытай Айға ғарышкерлерді жіберуге арналған жаңа зымыран мен ғарыш кемесін алғаш рет сынақтан сәтті өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сәрсенбі күні Қытайдың Хайнань аралындағы Вэньчан ғарыш айлағынан Long March 10 ауыр класты зымыран-тасығышының және Mengzhou ғарыш кемесінің прототиптері ұшырылды.
Ұшу сынағы барысында зымыран мен ғарыш аппараты аса күрделі «Max-Q» нүктесінен зымыранға әсер ететін аэродинамикалық қысымның ең жоғары шегінен сәтті өтті. Осы сәтте ғарыш кемесінің капсуласы зымыраннан ажырап, арнайы құтқару зымыранының көмегімен қауіпсіз қашықтыққа шығарылды. Кейін капсула парашюттермен Оңтүстік Қытай теңізінің белгіленген аймағына жайлап қонды.
Ал Long March 10 зымыраны ары қарай ұшуды жалғастырып, Карман сызығынан (Жер атмосферасы мен ғарыш арасындағы халықаралық мойындалған шекара) өткеннен кейін арнайы тежегіш жүйелерін іске қосып, позициясын реттей бастады. Зымыран төменге құлдилаған кезде қозғалтқыштары екі рет қосылып, белгіленген аймаққа теңіз бетіне жайлап қондырылды.
Сондай-ақ сынақ барысында Long March 10 зымыранының бірінші сатысын қайта пайдалану мақсатында әзірленген жылжымалы платформа да сынақтан өтті.
Қытайдың басқарылатын ғарыш агенттігі (China Manned Space Agency) бұл миссия Long March 10 прототипінің алғашқы сынағы, «Max-Q» нүктесінде ғарыш кемесінің апатты жағдайда құтқарылу жүйесінің алғаш рет тексерілуі, сондай-ақ басқарылатын ғарыш кемесінің капсуласы мен зымыранның бірінші сатысының теңізге алғаш рет қонуы екенін хабарлады.
Осы сынақ арқылы Қытай болашақта Айға жасалатын басқарылатын миссиялар үшін аса құнды тәжірибе мен деректер жинақтады.
Айтқандай астрономдар алыстағы жұлдыздардың өте баяу тербелістерін бақылап, бір алып экзопланета мен сирек қоңыр ергежейлі нысанды анықтады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

