Депутаты Нұржан Әшімбетов Қазақстандағы ет пен сүт өнімдері нарығындағы жағдайды қатты сынға алып, әзіргі ахуалды хаосқа теңеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әшімбетов Мәжілісте СаудаМин өкілінің келтірген статистикасына күмәнмен қарады. Депутат президент Тоқаевтың «Еуразиялық одақ жағдайында да отандық өндірушілерге қолдау көрсетілуі тиіс» деген тапсырмасын еске салды.
«Қызылжар қаласында 10 жыл бұрын ет өңдейтін 15 кәсіпорын болған. Қазір олардың үшеуі ғана қалған, өзге 12 кәсіпорын түгел жабылып қалды. Себебін сұрасақ, «мүлде тиімсіз, көрші елден өңделген ет арзан бағамен ағылып келіп жатыр, бәсекеге төтеп бере алмадық» дейді», – деп қынжылды депутат.
Айтуынша, еліміздегі сүт өнімдерінің де соры қалың.
Министрлік өкілдері мәжілісменге «Қазақстанда сүт өнімдерінің 80%-ы отандық өнім» деген статистиканы ұсынған екен. Алайда, бұл сан шындыққа сай келмейді дейді Әшімбетов.
«Мәселенің түбірі неде? Статистикада тек бастапқы өңдеуден өткен қарапайым өнімдер пастерленген сүт, қаймақ, айран және өңделмеген ірімшік қана ескеріледі. Ал жоғары өңдеуден өткен өнімдер қатты ірімшік, сары май, балалар тағамының 80%-ы керісінше, импорт! Отандық өнімнің үлесі – бар-жоғы 20%. Осыны министрлік есепке алмай отыр», – деді ол.
Депутат елде құрғақ сүт өндіру мәселесіне де назар аударып, осы өнімнің небәрі 5 пайызы ғана Қазақстанда шығарылатынын жеткізді. Қалған 95 пайызын шетелден әкелеміз дейді ол.
«Неліктен өзімізде сүтті кептіретін цех ашпаймыз? Айталық, Беларусьте әр аудан орталығында сүтті кептіруге арналған жабдықтар жұмыс істеп тұр. Сонда бізге не кедергі?» – деп мәселені төтесінен қойды депутат.
Айта кетелік, бұған дейін Әшімбетовтың әріптесі Ерлан Сайыров 10 мың адам жұмыс істейтін ұлттық компанияның парша-паршасын шығарған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

