Белгілі саясаткер Болат Әбілов Италиядағы қысқы Олимпиадада алтын жүлдеге қол жеткізген Михаил Шайдоровты құттықтап, ойын ортаға салды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Михаил Шайдоров Олипида алтынын алғаннан кейін оның ең алғашқы спорттағы қадамы «Рамстор» сауда орталығындағы шағын мұз айдынынан басталғанын жаза бастады. Желі қолданушылар «Алматыдағы «Рамстор» сауда орталығының шағын мұз айдыны Қазақстандағы барлық ірі спорт кешендерінен артық. Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеген жалғыз жағдай. Денис те, Михаил да керемет жағдайсыз, осы шағын алаңда жаттықты» деген жазбалар шыққанын білеміз. Осы жазбалар Әбіловтың да жүреген қозғау салыпты.
– 1999 жылы серіктестерімізбен бірге «Рамстор» сауда-ойын-сауық орталығын ашқанда Алматыда жыл бойы жұмыс істейтін жабық мұз айдыны мүлде болмаған еді. Сол кезде бұл қала үшін аса қажет әрі сирек кездесетін нысан болды, – деп еске алды Әбілов.
Осы шағын мұз айдынында Денис Тен мен Михаил Шайдоров өздерінің алғашқы қадамдарын жасап, спортқа деген құштарлығы оятқаны белгілі. Денис Қазақстанға 2014 жылғы Сочидегі Олимпиадада тарихи қола медаль әкелсе, бүгін Михаил еліміздің мәнерлеп сырғанау тарихында алғаш рет Олимпиада чемпионы атанды!
– «Рамстор» жобасын бастаған кезде дәл осы мұз айдыны біздің басты жоспарымыздың бірі еді. Уақыт өте келе дәл осы алаңда жас спортшыларымыз бен хоккейшілеріміз болашақ жеңістерінің алғашқы қадамын жасады. Осындай тарихи сәтке куә болғаныма қуаныштымын әрі мақтанамын. Михаил, алдағы уақытта да сәттілік тілеймін! Осындай жастарымыз барда Қазақстанның спорттағы жетістіктері жалғаса беретініне сенімдімін, – деді қоғам белсендісі.
Милан мұз айдынында алтыннан алқа таққан Михаил Шайдоровты президент Тоқаев арнайы құттықтап, табыс тіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

