Түркістан облысында су үнемдеу технологиялары кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
2025 жылы «Таймас-2024» ЖШС Отырар ауданындағы Қарғалы ауыл округінде 400 гектар алқапқа күрішті тамшылатып суару тәсілімен егіп, әр гектардан орта есеппен 50 центнер өнім алған. 2026 жылы тәжірибені тағы 200 гектарға кеңейту жоспарланған.
Маңыздысы күріш елімізде пилоттық режимде алғаш рет дәл осы технологиямен егілді. Дәстүрлі әдісте бір гектарға 26 мың текше метрге дейін су жұмсалса, жаңа тәсіл арқылы көрсеткіш шамамен 15 мың текше метрге дейін төмендеді. Нәтижесінде су шығыны екі есеге жуық қысқарды.
Ылғалсүйгіш дақылдар тиімділігін арттыру үшін мақта егісінде де су үнемдеу тетіктері белсенді қолданыла бастады. 2024 жылы мақта 105,2 мың гектарға дәстүрлі әдіспен, 1,2 мың гектарға жаңа технологиямен егілген.
2025 жылы керісінше, инновациялық тәсіл көлемі 52,2 мың гектарға дейін ұлғайды. Өнімділік гектарына 60 центнерге жетіп, 89,3 млн текше метр су үнемделген. 2026 жылы мақтаны жаңа технологиямен 87 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Заманауи агротехникалық шешімдер өнім көлемін арттырумен қатар, су тапшылығы жағдайында әр текше метр судың қайтарымын күшейтеді. Ауыл шаруашылығында ресурс тиімділігін көтеру өңірдің ұзақмерзімді тұрақтылығы үшін шешуші факторға айналып отыр.
Кентауда соңғы үш жылда 200-ге жуық көпқабатты тұрғын үй жөнделіп, қаладағы тұрғын үй қорының 85 пайызы жаңғыртылыпты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

