Қырғызстанда саяси ахуалдың шиеленісе түсуіне байланысты, бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Қымшыбек Тәшиев уақытша шетелге кетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы «Регион» телеарнасының директоры Откурбек Рахманов әлеуметтік желіде жариялаған видеосында мәлімдеді. Оның айтуынша, Қамшыбек Тәшиевтің елден тыс жерге шығуы уақытша шешім. Алайда оның нақты қандай мақсатпен, қай елге кеткені туралы ресми ақпарат әзірге жоқ.
Еске сала кетейік, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 10 ақпанда өзінің жақын серігі әрі ықпалды саясаткер Қамшыбек Тәшиевті барлық қызметінен босатқан болатын. Бұл шешімді президент елдегі саяси тұрақтылықты сақтау және мемлекеттік құрылымдар арасында алауыздықтың алдын алу үшін қабылдағанын мәлімдеген еді.
Ташиев қызметтен кеткеннен кейін елдің күштік құрылымдарында ауқымды өзгерістер басталды. ҰҚМК құрамынан Шекара қызметі шығарылып, президентке тікелей бағынатын жаңа Мемлекеттік күзет қызметі құрылды.
Сонымен қатар Парламент төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу қызметінен кетті. Бұған қоса, Ташиевтің туысы, көлік прокуратурасының басшысы Нұрғазы Матисаков орнынан алынып, ҰҚМК-ның Бішкектегі басқармасының бұрынғы басшысы Эльдар Жакыпбеков пен Тәшиевке жақын басқа да тұлғалар қамауға алынған болатын.
Қазіргі таңда Қамшыбек Тәшиевтің алдағы жоспарлары туралы түрлі болжамдар айтылуда, бірақ ресми мемлекеттік органдар оның елден шығуы туралы ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Жалпы, бұл оқиға елдегі саяси күштердің қайта бөлініп жатқанын және президент Садыр Жапаровтың билікті өз қолына шоғырландыруды көздеп отырғанын айғақтайды. Осыған байланысты алдағы уақытта Қырғызстанның ішкі саяси жағдайының қалай өрбитіні көпшіліктің назарында болады.
Қырғыз президенті Садыр Жапаров жақын серігі, ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Қамшыбек Тәшиевке туралы пікір білдірген болатын. «Тәшиев мемлекеттік қызметке қайтып келмейді. Досым демалсын, денсаулығына көңіл бөлсін» деген болатын Жапаров.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

