Қазақстанда жекеменшік мектептерге қойылатын талап мемлекеттік стандартпен толық теңестіріледі. Енді қойма мен моншадан мектеп ашып, мемлекеттік бюджеттен қаржы алып отырған кәсіпкерлер қатаң бақыланатын болады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еліміздің Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі қызу талқылаулар мен ата-аналардың сауалдарына орай мәлімдеме жасап, жекеменшік білім саласындағы жаңа талаптар туралы нақты ұстанымын айтты.
«Министрлік жекеменшік мектептердің жұмысын мемлекеттік мектептердегідей қатаң стандартқа келтіруді көздеп отыр. Енді білім беру мекемелерінің жұмысы толық цифрландырылады. Бұл әр мектептің жұмысы мемлекет үшін ашық әрі заң талаптарына сәйкес болуын қамтамасыз етеді», – деді министр.
Осы шара арқылы заң талаптарына сай келетін мектептердің бірыңғай реестрі қалыптасады.
Жекеменшік мектептегі «анархия»
Сондай-ақ, ол жекеменшік мектептерді тексеру барысында анықталған бірқатар өрескел заңбұзушылықтар туралы ашық айтты.
«Кейбір кәсіпкерлер білім ордасын мектепке мүлдем лайық емес жерлерде бұрынғы қоймаларда, моншаларда ашқан.
Тіпті кейбірінде балалар қағаз жүзінде тіркелгенімен, сабақ мүлдем өткізілмеген. Оқу бағдарламасы толық сақталмай, алғашқы әскери дайындық, дене шынықтыру сияқты міндетті пәндер жүргізілмеген.
Мұндай «мектептердің» ғимараттары да мақсатқа мүлдем сәйкес келмейді», – деп қадап айтты министр.
Министрлік осы талаптарды бұзған мектептерді мемлекеттік қаржыландырудан шеттетеді. Мемлекеттік қолдау тек толық жабдықталған ғимараты, білікті педагогтары бар және мемлекеттік оқу бағдарламасының барлық талаптарын бұлжытпай орындап отырған мектептерге ғана беріледі.
Бұдан бөлек…
Сонымен бірге министр жекеменшік мектептер саласындағы өзгерістерді пайдаланып, күмәнді делдалдық ұйымдар құрып жүргендерге де ескерту жасады.
«Жекеменшік мектептерге қатысты барлық ресми ақпарат пен түсіндіру жұмыстары тек үш ресми орган – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Кәсіпкерлер палатасы және білім басқармалары арқылы ғана беріледі. Арандатушы ақпаратқа сенбей, тек ресми органдарға жүгінуге шақырамын. Тек сындарлы диалог арқылы ғана жаңа жағдайда сәтті жұмыс істеуге мүмкіндік бар», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Бұл министрдің жекеменшік мектептерге қатысты алғашқы ескертуі емес. Бұған дейін сала басшысы осындай мектептердің басқа да былығына тоқталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

