Еліміздегі ең ірі университеттің оқытушылары мен студенттері референдум өткізу идеясын бірауыздан қолдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстандағы Конституциялық реформа: мемлекет институттары мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының құқықтық негіздері» атты дөңгелек үстел өтті. Талқылауға Парламент Мәжілісінің депутаттары, прокуратура органдарының өкілдері, заңгер ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Кездесуді ашқан ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев университет әрқашан маңызды қоғамдық-саяси мәселелер талқыланатын зияткерлік алаң болғанын атап өтті.
Оның айтуынша, конституциялық жаңғырту саяси жүйені сапалы жаңартуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға жаңа серпін береді.
– Тәуелсіздік тарихымызда алғаш рет Конституция жобасы бүкіл қоғамның белсенді қатысуымен талқыланып жатыр. Қазақстандықтар 10 мыңнан астам ұсыныс пен пікір жолдады. Бұл – қоғамның белсенділігі мен ел болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі, – деді Жансейіт Түймебаев.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан жаңа Конституцияның демократиялық даму жолындағы заңды жалғасы екенін атап өтті.
– Бұл реформаның ерекшелігі азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігі кеңейеді. Мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігі мен ашықтығы күшейеді, – деді Айгүл Құспан.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова жаңа Конституциядағы өзгерістердің қоғамдық бақылауды күшейтетінін айтты.
Оның пікірінше, бұл өзгерістер азаматтық сектордың дамуына зор серпін беріп, халықтың саяси және қоғамдық процестерге белсенді қатысуын арттырады.
– Қазіргі Конституцияда «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…» делінсе, жаңа жобада «Біз, Қазақстанның біртұтас халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып…» деп жазылған. Бұл тарихи сабақтастыққа, ұлттық бірлік пен «Әділетті Қазақстанға» ұмтылысты нақты көрсетеді, – деді Ирина Смирнова.
Алматы қаласының прокуроры Серік Кәріпбеков те жиын барысында жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістердің маңызын атап өтті. Оның ойынша, прокуратураның жаңа құжатта белгіленген өкілеттігі заң үстемдігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар алдағы референдумның «Әділетті Қазақстанды» құру жолындағы маңызды қадам болатынын ерекше атап өтті. Кездесу соңында Конституцияны жаңарту аясында заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге бағытталған сараптамалық ұсынымдар әзірленді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұшқышсыз авиацияны дамытуға арналған инновациялық орталық ашылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

