Ақтау қаласындағы «Халық Арена» спорт кешенінде жаңа Конституцияны қолдау мақсатында өткен форумға 4000-ға жуық адам қатысты. Ірі іс-шараға қоғам белсенділері, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер мүшелері, өңір жастары және тұрғындар жиналды.
Форумның басты хедлайнері – халықтың сүйікті тобы «МузАРТ». Танымал өнер иелері патриоттық әндерімен залда ерекше рухани атмосфера қалыптастырып, көрермендердің көңілін көтерді.
Конституциялық реформалар, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық даму мәселелері көтерілген жиында Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Жаңбырбай Матаев сөз сөйледі.
«Жастар – елдің қозғаушы күші әрі стратегиялық ресурсы. Болашақта қуатты, әділетті әрі өркендеген Қазақстанды құру – сіздердің қолдарыңызда. Конституциялық реформалар азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін нығайтуға бағытталған, ал референдумға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі», – деп атап өтті Жаңбырбай Матаев.

Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Уайс Ерсайынұлы сөз алып, қоғамның бірлігі мен азаматтардың саяси белсенділігінің маңыздылығын тілге тиек етті.
Жастардың форумдағы белсенділігі ерекше болды. Ақтау қаласындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Мадина Алиева және Yessenov University студенті, болашақ заңгер Бекзат Қадырбаев жаңа Конституцияның маңызын, сондай-ақ жастардың азаматтық белсенділігі мен ел дамуына үлес қосу жауапкершілігі туралы өз ойларын ортаға салды. Олар Ата заңның барлық азаматтарға тең құқықтар беріп, білім алу, кәсіби өсу және қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтетінін айтты.
Іс-шараны М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының танымал өнерпаздары жалғастырды. Концерттік бағдарламада Аида Байгелова, Асқар Көшеров, Асанәлі Көшеров, Нар-Ұлт тобы, Ақмарал Арғынқызы сынды белгілі әншілер өнер көрсетті. Кештің ең ерекше сәті – көрермендердің «Өз елім» әнін өнерпаздармен бірге орындауы болды.
Форум қатысушылары жаңа Конституцияны толықтай қолдайтындарын білдіріп, әр азаматтың елдің болашағына жауапты екенін атап өтті. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, еліміздің болашағына қатысты маңызды бастамаларды қолдауда қоғамның бірлігін айқын көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

