«МАЭК» ЖШС (Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты) ұжымы еліміздің жаңа Конституциясын қолдау туралы шешім қабылдады. Бүгінде кәсіпорында 3500-ден астам адам еңбек етеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«МАЭК» Маңғыстау өңірінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды кәсіпорын. Ұжым мүшелері өңірдегі энергия жүйесінің тұрақтылығын сақтап, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға үлес қосып келеді.
Ұжым атынан сөз сөйлеген «МАЭК» ЖШС басшысы Кинис Ураков референдумға қатысудың еңбек ұжымының азаматтық жауапкершілігі мен белсенді ұстанымының көрінісі екенін атап өтті.
– Біз күнделікті еңбегімізді өңіріміздің тұрақты дамуы үшін арнаймыз. Әрбір қызметкердің жұмысы Маңғыстаудың өркендеуіне қосылған үлес. Алдағы референдум әрқайсымызға елдің болашағын өз дауысымызбен айқындауға берілген маңызды мүмкіндік. Ортақ шешім қабылдай отырып, біз тұрақты әрі дамыған Қазақстанға деген жауапкершілігімізді білдіреміз. Болашақ әр азаматтың таңдауында, дауысында және іс-әрекетінде. Біз МАЭК ұжымы жаңа Конституцияны толық қолдаймыз, – деді Кинис Ураков.
Ұжым мүшелері жаңа Конституция мемлекеттілікті нығайтуға, демократиялық институттардың дамуына және елдің қоғамдық-саяси өміріндегі азаматтардың рөлін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«МАЭК» ЖШС ұжымы өңірдегі маңызды кәсіпорын ретінде өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетіп, Қазақстан Республикасының дамуы мен өркендеуіне бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екендігін жеткізді.
Күні кеше ғана Ақтау қаласындағы «Халық Арена» спорт кешенінде жаңа Конституцияны қолдау мақсатында өткен форумға 4000-ға жуық адам қатысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

