Алматыда тау туризмін дамыту жөніндегі Еуразиялық форум аясында Almaty Tau Management компаниясының басқарма төрағасы Жан-Пьер Барало сараптамалық баяндама жасап, Алматыдағы тау кластерін дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сарапшы өз сөзінде әлемдік тәжірибеге сүйеніп, кластерлік модельдің артықшылықтары мен оның өңірлердің экономикалық өсуіне тигізер әсеріне тоқталды.
Жан-Пьер Барало Франция мен Австрия елдеріндегі табысты тәжірибені мысал етті. Бұл мемлекеттерде тау курорттары бірыңғай инфрақұрылымдық жүйеге біріктіріліп, соның нәтижесінде туризмнің тұрақты өсімі қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, аталған елдерде тау кластері өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі тетігіне айналған. Сарапшының айтуынша, мұндай тәсіл тек туристік саланың дамуын ғана емес, жалпы аумақтың кешенді дамуына, инфрақұрылым сапасының жоғарылауына ықпал етеді.
– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кластерлік модель аумақтарды жан-жақты дамытуға, сапалы инфрақұрылым қалыптастыруға, тұрақты әрі тиімді туристік экожүйе құруға мүмкіндік береді. Бұл тек туризмді ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамудың ұзақ мерзімді стратегиясын жүзеге асыратын құрал, – деп атап өтті Жан-Пьер Барало.

Сонымен қатар, сарапшы тау кластерін дамытудың қала ортасына және жергілікті тұрғындардың өмір сапасына оң әсерін де ерекше айтты. Мұндай жобалар кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, курорттық аймақтардың дамуы қызмет көрсету саласының жандануына, туристер мен жергілікті тұрғындар үшін қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдардың жақсаруына жағдай жасайды.
– Тау кластері тек туризм үшін емес, жалпы өңірдің экономикалық белсенділігін арттыратын орталыққа айналуы тиіс. Курорттық аймақтарда жаңа жұмыс орындары ашылып, қызмет көрсету мен сауда-саттыққа сұраныс артады. Мұның барлығы өңірдің тұрақты дамуына ықпал етеді, – деді сарапшы.
Жан-Пьер Барало баяндамасын қорытындылай келе, Алматыда тау кластерін қалыптастыруда ұзақ мерзімді стратегиялық жоспар қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, өңірдің табиғи және мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, әлемдік үздік тәжірибелерді жүйелі түрде бейімдеудің маңызы зор екенін айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

