Белгілі экономист Алмас Шөкин Ирандағы жағдай cоғыстың сипатын түбегейлі өзгерткеніне назар аударды деп жазады Ertenmedia.kz
Оның айтуынша, АҚШ пен Израильдің Тегерандағы арнайы операциясы соғыстың бұған дейін салты мен ережесін толық бұзған.
«Бұрын екі ел жауласқанда билеушілер бір-біріне тікелей тиіспейтін. Тіпті Сталин мен Гитлер де бір-біріне бомба лақтырған жоқ. Қазір ме, қазір соғыстың логикасы толық өзгерді.
Уашиңтон аятолла Хаменей мен КСИР басшыларын жойып, режімнің орталық басқару тетігін бір демде істен шығарды. Бұрын бұл мүмкін емес еді. Дәл осы тактика Венесуелада да қолданылды.
Мадуроны жай ғана тікұшаққа отырғызып, шетелге алып кетті. Әзір оны ешкім еске алмайды. АҚШ? Ақ үй Қаракаспен қарым-қатынасты қалпына келтірді. Уашиңтонның ықпалды шенділері Венесуеладағы мұнай кеніштерін емін-еркін аралап жүр. Санкциялар ақырындап алынуда», – деп түсіндірді экономист.
Аятолла қай тұста қателесті?
Шөкиннің атап өткеніндей, әскери сарапшылардың көбі шабуылдың таңғы сағат сегізде жасалғанына таңданыс білдірген екен. Әдетте шабуылдаушы тарап түн қараңғысын пайдаланып, жау әскері шырт ұйқыда жатқанда соққы жасауға тырысатын.
«Соққы шынымен де түнде жоспарланған. Алайда Израильдің барлау қызметі аятолла Хаменейдің таңғы сағат 8-де елдің жоғары басшылығын (бас-аяғы 40 адам) жинайтынын ұзынқұлақ арқылы біліп қойған. Нетаньяху дереу Трампқа хабарласып, сирек кездесетін мүмкіндікті пайдалануды ұсынған. Шабуылдың нәтижесінде аятолла Хаменей, қорғаныс министрі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қаза тапты», – дейді сарапшы.
Шөкиннің айтуынша, бұрынғыдай жер жаулап алу, ресурстарды басып алу сияқты әрекет экономикалық жағынан тиімсіз. Жаңа әлемде соғыс идеология үшін емес, кедергілерді жою үшін жүреді. Тиімсіз лидерді тез арада алып тастап, жүйенің өз бетімен дамуына мүмкіндік берген әлдеқайда тиімді.
«Бұл халықаралық саясат пен экономикадағы түбегейлі жаңа дәуірдің басталуы. Бәріміз үшін өте қызықты әрі маңызды кезең басталып жатыр», – деп қорытты экономист.
Ал Трамптың Тегеранға неліктен тап бергенін біз бұған дейін талдап жазғанбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







