АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери соққылары тек Таяу Шығыстың емес, Америка Құрама Штаттарының ішкі саяси ландшафтын да күрт өзгертуі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жылы өтетін АҚШ Конгресінің аралық сайлауы қарсаңында басталған бұл соғыстың Республикалық партия ішінде айтарлықтай алауыздық тудырғаны байқалып отыр. Бұған дейін біртұтас көрінген Дональд Трамптың «Американы қайта ұлы ету» қозғалысы Иранмен соғысты қолдау төңірегінде пікірталастарға ұшырады. Бірқатар консервативті саясаткерлер мен танымал тұлғалар Трамп АҚШ-ты Израильдің мүддесі үшін соғысқа тартып отыр деген айыптауларын ашық айтты.
Әсіресе, танымал журналист Такер Карлсон өзінің соңғы эфирлерінде бұл соғысты «Израильдің соғысы» деп атады. Ол жағдайдың ушығуына тікелей Израиль билігін кінәлаған болатын. Оның айтуынша, бұл қақтығыс Израильдің аймақта абсолюттік үстемдігін орнату мақсатында АҚШ-ты әдейі тартуымен басталған.
Мұндай пікірді бұрынғы конгресс мүшесі Марджори Тейлор Грин де қолдады. Ол әлеуметтік желіде Иранға қарсы шабуылдардың салдарынан бейбіт тұрғындар, соның ішінде балалар зардап шегуде деп жазды. Бұдан бөлек, белгілі консервативті сарапшы Кэндис Оуэнс та Израильді АҚШ-ты әдейі арандатты деп бірнеше рет мәлімдеді.
Соғыс MAGA идеологиясына сәйкес келмейді
Такер Карлсон, Марджори Грин және Кэндис Оуэнс MAGA қозғалысы ішіндегі миллиондаған жақтастары бар беделді тұлғалар. Олардың мәлімдемелері республикашылар арасында алауыздық туғызуда. Бұған қоса, консервативті бағыттағы Мегин Келли, Мэтт Уолш және Ходж Твинс сияқты танымал тұлғалар да соғыс әрекеттерін «Америка бірінші орында» қағидаттарына қайшы деп атады.
Бұл соғысқа қатысты консервативті сынның негізгі өзегі Трамптың бұрынғы мәлімдемелерімен қайшылығына қатысты болып тұр. Вице-президент Джей Ди Вэнс те бұған дейінгі соғысқа қарсы пікірлерін жариялаған болатын. Тіпті қазіргі қақтығыстың MAGA идеологиясына мүлдем сәйкес келмейтінін алға тартқаны есімізде.
Мысалы, 2016 жылы Трамп АҚШ-тың өзге елдердің ішкі істеріне араласуын тоқтататынын айтұаны есімізде. Ал 2012-2013 жылдары Барак Обаманы Иранға шабуыл жасау арқылы ішкі проблемалардан назар аударғысы келеді деп сынаған-ды. Сондай-ақ, 2023 жылы Джей Ди Вэнс Ирак соғысын үлкен қателік деп атап, 2024 жылы Иранмен соғыстың қате болатынын мәлімдеген болатын. Тулси Габбард та бұған дейін бірнеше рет соғысқұмар саясаткерлерді сынаған.
Бұл мәлімдемелерді қайта жаңғырту арқылы сыншылар қазіргі соғыстың MAGA қозғалысының негізгі ұстанымдарына қайшы екенін дәлелдеуге тырысуда.
Мұндай алауыздық республикашыларға алдағы сайлауда қымбатқа түсуі мүмкін. Себебі, қараша айындағы Конгресс сайлауында АҚШ Өкілдер палатасының барлық 435 орны және Сенаттың 35 орны үшін күрес жүреді. Қазіргі таңда республикашылар екі палатада да көпшілікке ие. Ал бұл сайлаудың нәтижесі Трамп әкімшілігінің алдағы саясатына тікелей әсер етпек.
Республикашылардың Израильді қолдауы 10%-ға төмендеді
Жақында Reuters агенттігі жүргізген сауалнамаға сәйкес, АҚШ азаматтарының тек төрттен бірі ғана Трамптың Иранға қарсы соғысты бастау шешімін қолдаған. Республикашылар арасында бұл көрсеткіш 55%-ды ғана құрайды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Салыстыру үшін айта кетейік, 2003 жылы Ирак соғысын Джордж Буштың республикашылар арасындағы қолдауы 90%-дан жоғары болған еді.
Соңғы уақытта АҚШ қоғамының Израильге деген көзқарасы да айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Gallup агенттігінің сауалнамасында америкалықтар алғаш рет Израильден гөрі Палестинаны көбірек қолдайтыны байқалған. Әсіресе, 2024 жылдан бері республикашылар арасында Израильді қолдау деңгейі 10%-ға төмендеген.
Осыған байланысты, АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы Израильдің АҚШ саясатындағы ерекше мәртебесіне де кері әсер етуі мүмкін. Егер соғыс ұзаққа созылса және оның ауыр салдары байқалса, қоғамдағы «бұл соғыс Израильдің мүддесі үшін жүргізілуде» деген пікір нығая түспек.
Осылайша, 2026 жылғы аралық сайлауда республикашылардың саяси болашағын сыналайын деп тұр. АҚШ пен Израиль арасындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ерекше қарым-қатынасты да сынаққа салады. Дональд Трамп өзін «Израильдің ең жақын досымын» деп санайды. Дегенмен дәл осы «достықтың» салдары оның партиясына да, АҚШ-тағы Израильді қолдау саясатына да кері әсер етуі ықтимал.
Бұған дейін Пентагон басшысы Пит Хегсеттің «бұл режимді ауыстыру соғысы емес, бірақ режим шынымен де ауысып жатыр» деген екіұшты мәлімдемесін берген жарияладық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







