АҚШ-та тұратын саясататнушы, жерлесіміз Тимур Сейітмұратов Таяу Шығыста қалыптасқан жағдайды эмоциясы мен жеке көзқарасын араластырмай сараптап шықты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, әлемдік соғыс дегеніміз АҚШ пен Қытайдың арасындағы қақтығыс. Бірақ дәл қазір оның ықтималдығы төмен. Қытай үшін АҚШ-тың Таяу Шығыстағы соғысқа алаңдағанын пайдаланып, Тайваньға шабуылдауға оңтайлы кезең туғандай көрінгенімен, қазір оған ішкі және сыртқы жағдайы мүмкіндік бермей отыр. Бір жағынан, Қытай жоғары әскери басшылығын қамтыған «генералдар бүлігінің» салдарын еңсеруге тырысып жатса, екінші жағынан экономикалық мәселелері қоғам ішіндегі жағдайды шиеленістіріп отыр. АҚШ Иранға шабуыл жасау туралы шешім қабылдарда осы факторларды есепке алды, дейді сарапшы.
Тимур Сейтмұратовтың айтуынша, Ирандағы белсенді әскери қимылдар бір-екі айға созылуы мүмкін. Одан ұзаққа созылмағаны барлығына тиімді. Өйткені Иран режиміне қарсы соққы беру Ресей мен Қытайды геосаяси және геоэкономикалық тұрғыдан әлсіретуге бағытталған қадам. Ал қазіргі таңда аталған екі елдің Иранға шұғыл түрде әскери көмек беру мүмкіндігі жоқ, сондықтан олар бұл соғысқа тікелей араласа алмай отыр.
Үшіншіден, Тимур Сейтмұратовтың ойынша, Иранның ядролық державаға айналуына жол бермеу тек Батыстың ғана емес, бүкіл Таяу Шығыс, Оңтүстік және Орталық Азия мемлекеттерінің мүддесіне сай келеді. Себебі Иран сыртқы саясатында экспансияға бейім мемлекет, оның үстіне клерикалды билік Таяу Шығысты ғана емес, бүкіл ислам әлемін идеологиялық тұрғыдан бағындыруды көздейді. Мұндай мемлекеттің қолына ядролық қару түссе, оған қарсы тұру мүмкін болмайды, дейді сарапшы.
Төртіншіден, Қазақстан үшін Иранның ядролық державаға айналуы үлкен қатерге айналады. Сарапшының пікірінше, Қазақстан мәңгілікке Еуразия құрлығының ортасына қамалып, сыртқы саясаттағы көпвекторлық қағидатынан айырылады. Түркиямен бірігіп, түркі мемлекеттерінің одағын құру немесе жаңа Таяу Шығыс жобасына кіру жоспарлары біржолата жүзеге аспай қалады.
Оның айтуынша, Иран ядролық қаруға ие болса, Каспий аймағындағы Түркияның ықпалына қарсы тұрады, ал бұған Ресей қолдау көрсетеді. Ядролық Иран мен Ресейге қарсы Түркия ештеңе істей алмайды. Қазақстанның Каспий мен Әзербайжан арқылы Түркияға шығатын мұнай құбырын салу мүмкіндігі де толық жабылады. Өйткені бұл жоба Ресейдің, Иранның және белгілі бір деңгейде Қытайдың да мүддесіне қайшы келеді.
Тимур Сейтмұратовтың ойынша, Қазақстан көпвекторлық саясат ұстанып, тәуелсіз бағытынан жаңылмауы үшін «түрік векторы» және Оңтүстік Кавказға шығу мүмкіндігі өте маңызды. Ал ядролық қаруға ие Иран мен оның серіктестері Ресей мен Қытай Қазақстанның бұл жолын біржолата кесіп тастайды.
Түйін
Бесіншіден, МАГАТЭ 2025 жылғы 12 маусымда Иранның ядролық қаруды таратпау режимі бойынша міндеттемелерін орындамай отырғанын мәлімдеді. Агенттік мәліметінше, Иран аумағында 27 ядролық нысан бар, оның жетеуі ресми тіркелмеген. Бұдан бөлек, Иран 400 келі жоғары байытылған уран қорын жинаған.
МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гроссидің айтуынша, бұл жағдай ядролық қаруды таратпау режиміне үлкен қауіп төндіреді, сондықтан агенттік оны елеусіз қалдыра алмайды. Сарапшы бұл мәселелерді эмоция мен жеке көзқарассыз талдап, шынайы жағдайды түсіну керектігін айтады.
– Иран ядролық державаға айналса, Қазақстан сыртқы саясатта толық тұйыққа тіреліп, түркі мемлекеттерімен бірігу кешеуілдейді. Бұдан басқа еліміздің Батысқа мұнай жеткізу де мүмкін болмай қалады. Бұл Қазақстанның тәуелсіздігіне үлкен қауіп төндіреді, – деп ойын қорытындылапты Тимур Сейтмұратов.
Айтпақшы, АҚШ Ирандағы күрд оппозициялық топтарымен қару-жарақ беру және көтеріліс ұйымдастыру туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын сайтымыз сараптама жасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







