Түркістан облысы ауыл шаруашылығын дамыту бағытында нақты жоспармен, жүйелі жұмыс істеп келеді. Әсіресе мал шаруашылығы саласында елеулі жетістіктер бар, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың бастамасымен мал шаруашылығын дамытуда шаруаларды кооперативтерге біріктіру бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар ветеринариялық бақылауды күшейту және субсидиялау жүйесін цифрландыру міндеттері қолға алынған.
Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысы республикадағы мал шаруашылығы бойынша көшбасшылық орнын сақтап отыр. Бүгінде еліміздегі ірі қара малдың 14 пайызы (1 млн 105 мың бас), ұсақ малдың 22 пайызы (4 млн 432 мың бас), жылқының 11 пайызы (492 мың бас), түйенің 14 пайызы (40,9 мың бас) облыс үлесінде. 2025 жылы өңірде 130,5 мың тонна ет, 474,4 мың тонна сүт, 265,4 млн дана жұмыртқа өндірілді.
Айта кетерлігі, республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Өткен жылы өңір 30 мың тонна ірі қара етін және 32 мың тонна қой етін экспорттады.
2025-2026 жылғы мал қыстату науқанына жауапты министрлік облысқа 5,2 млн тонна мал азығын жинауды тапсырған болатын. Қазіргі таңда жоспар 100 пайыз орындалды. Жиналған азықтың ішінде сабан – 376,3 мың тонна, сенаж – 236,6 мың тонна, шөп – 4 млн 380 мың тонна және сүрлем – 206,6 мың тонна.
Жаздың құрғақшылық болуына байланысты жайылым жерлеріндегі шөп өнімі төмендеді. Осыған орай облыс әкімдігі Солтүстік Қазақстан облыстарынан кебек және бидай жеткізуді ұйымдастырып, «ALTYN NAN» серіктестігі арқылы шаруаларға нарықтық бағадан 20-30 пайыз төмен бағада ұсынды.
Облыстағы 225 шаруа қожалығына жалпы 910 тонна малазықтық бидай үлестірілді. Оның ішінде Созақ ауданы – 221 тонна, Бәйдібек ауданы – 251,7 тонна, Төлеби ауданы – 259,2 тонна, Түлкібас ауданы – 124,6 тонна, Арыс қаласы – 23,5 тонна және Отырар ауданына – 30 тонна бөлінді.
Өңірде экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында ет кластері заманауи бағытта дамуда. Атап айтқанда, «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro» және «Бесқара» ет өндіру кешендері іске қосылып, қосымша 35 мың тонна ет өндіру жоспарланған. Сондай-ақ, Аустралия тәжірибесімен Орталық Азияда теңдесі жоқ, 50 мың басқа арналған заманауи мал бордақылау алаңы мен мал биржасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұдан бөлек, жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін ірі фабрика да салынуда. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға зор ықпалын тигізуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







