NASA-ның ескі ғылыми спутнигі Van Allen Probe A бақылаусыз орбитадан шығып, Жер атмосферасына кірді. Аппарат Тынық мұхиты үстінде жанып кеткен, деп жазады Ertenmedia.kz.
АҚШ ғарыш күштерінің мәліметінше, спутник Галапагос аралдарына жақын аймақтан өткен. NASA алдын ала аппараттың басым бөлігі атмосферада толық жанып кетеді деп болжаған.
Спутниктің салмағы шамамен 600 келі болған. Мамандар оның кейбір бөліктері жерге жетуі мүмкін екенін айтқанымен, адамға зиян келтіру қаупі өте төмен деп бағаланған. Бұл көрсеткіш шамамен 1/4200 деңгейінде.
Van Allen Probe A 2012 жылы ұшырылған екі аппараттың бірі еді. Оның егізі – Van Allen Probe B әлі де орбитада, бірақ жұмыс істемейді. Бұл спутниктер Жерді қоршап тұрған радиациялық белдеулерді зерттеу үшін пайдаланылған. Олар жеті жыл бойы ғылыми деректер жинап, 2019 жылы отыны таусылғаннан кейін жұмысын тоқтатқан.
Бастапқыда NASA бұл аппараттар 2030-жылдарға дейін орбитада қалады деп күткен. Алайда соңғы жылдардағы күн белсенділігінің артуы спутниктің орбитадан тезірек шығуына әсер еткен.
Ғалымдардың айтуынша, мұндай аппараттардың атмосфераға кіру уақытын нақты болжау қиын. Нидерландтық зерттеуші Марко Лангбрук бұл жағдайды әсіресе күрделі деп бағалады. Себебі спутниктің орбитасы тұрақсыз әрі симметриялы болмаған. Ал Van Allen Probe B аппаратының Жер атмосферасына кіруі шамамен 2030 жылдан кейін болады деп күтілуде.
Айтқандай, астрономдар ғаламдағы ең ірі әрі жарық жұлдыздардың өмірі туралы жаңа мәліметтерге қол жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







