Семейде сауда орындарының тазалығы қатаң бақылауға алынды. Облыс әкімі Берік Уәли шаһардағы бірқатар ірі сауда нысандарын аралап, абаттандыру мен санитарлық жағдайды сынға алды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әкімнің рейдтік тексеруі кезінде қала орталығындағы «Нива» сауда үйі, «Жансая» базары мен «Мың бастау» сауда орталығының талаптарға сай емес екені анықталды. Әсіресе, 1985 жылы салынған «Нива» сауда үйінің қазіргі күйі көңіл көншітпейді. Алдындағы дүңгіршектер ескірген, ғимараттың баспалдақтары тазаланбаған, ал төбесінен жаңбыр суы ағып тұр.
«Жансая» базарының жағдайы да мәз емес. Ғимарат қасбеті ескіріп, базар маңындағы контейнерлер мен сауда бутиктерінің санитарлық жағдайы сын көтермейді.
– Қаланың қақ ортасында орналасқан сауда орындарындағы тазалық деңгейінің төмен болуы дұрыс емес. Семей біздің ортақ үйіміз. Әрбір кәсіпкер өзі табыс тауып отырған нысанның тазалығы мен көркіне мән беруі керек. Табыс табумен қатар, абаттандыруға да көңіл бөлген абзал. Тазалыққа немқұрайлы қарайтындарға қатаң шара қолданамыз, – деді облыс әкімі Берік Уәли.
Сондай-ақ, әкім «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сенбіліктер мен тазалық акциялары басталатынын хабарлап, кәсіпкерлерді осы бастамаға белсенді қатысуға шақырды.

Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, биыл облыс бойынша 3616 абаттандыру ережелерін бұзу дерегі анықталып, 12,3 млн теңге айыппұл салынған. Облыс әкімі бұл бағыттағы рейдтерді күшейтіп, ережелерді бұзғандарға қарсы бейнебақылау камераларын белсенді пайдалануды тапсырды.
Берік Уәли кәсіпкерлер мен қала әкімдігіне үш ай ішінде сауда орындарын жаңғырту мен абаттандыру бойынша нақты жобалар дайындауды міндеттеді. Әкім берілген тапсырмалардың орындалуын жеке өзі қадағалап, арнайы тексеретінін ескертті.
Айта кетейік, былтыр өңірлік сенбілік аясында 349 мыңнан астам тұрғын қатысып, 52 мың тонна қалдық шығарылды, 70 мыңнан аса көшет отырғызылды, 191 заңсыз қоқыс орны жойылды. Сондай-ақ, тазалықты сақтауда белсенділік танытқан 20 ауылға «Үлгілі ауыл» байқауы аясында жаңа тракторлар табысталған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







