Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шаһардағы қоғамдық көлік тасымалдайтын компанияларға заманауи 35 жаңа автобустың кілтін табыстады. Атап айтқанда, «Жолаушы» компаниясы 12 автобуспен, ал «ТехПрофАвто» компаниясы 23 автобуспен толықты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты шарада облыс әкімі қоғамдық көлік саласының халық үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Бүгін Түркістанның көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды шараның куәсі болып отырмыз. Қалаға келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Былтыр шаһарға 1 млн 200 мыңнан астам турист келсе, биыл алғашқы үш айда 450 мың қонақ келген. Осыған байланысты қоғамдық көлік қызметі де сапалы болуы қажет. Бүгін тапсырылған автобустар заманауи талаптарға сай, жолаушыларға ыңғайлы әрі қауіпсіз. Қоғамдық көлік – қала тынысының күретамыры. Біз осы саланы дамытуға күш саламыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Жаңа автобустарда бейнебақылау камералары, электронды билет жүйесі, желдеткіштер орнатылған, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы пандустар қарастырылған.
Сонымен қатар шара барысында көлік саласында үздік еңбек етіп жүрген бір топ азамат облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Қазіргі таңда Түркістанда 21 бағытта 204 автобус тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Былтыр қалада қоғамдық көлікпен 27,6 миллион адам тасымалданған. Бұл салада 300-ге жуық маман қызмет етуде. Тасымалдау қызметін «Жолаушы» және «ТехПрофАвто» компаниялары жүзеге асырып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







