NASA ғарыш агенттігі Artemis II миссиясы аясында Айға бет алған Orion ғарыш кемесінің экипажы түсірген Жердің алғашқы суреттерін жариялады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Суреттерді Orion кемесінің командирі Рид Уайзман түсірген. Ол Жер орбитасынан шыққан сәтте, кеме Айға қарай бет алғанда кадрларды түсіріп үлгерген.
«Біздің ғаламшарымызды тұтас көріп тұрмыз: оның керемет көк және қоңыр түстері көздің жауын алады. Тіпті жасыл түсті солтүстік шұғыла атмосфераны ерекше сәулелендіріп тұр. Бұл біздің Айға сапар шеккен ғарышкерлерімізбен бірге куә болып отырған ерекше сәтіміз», – делінген NASA хабарламасында.
Фотолардың бірінде Жер Атлант мұхиты жағынан төңкерілген түрде берілген: төменде Солтүстік полюс, жоғарыда Оңтүстік полюс көрінеді. Суреттен Сахара шөлін, Иберия түбегі мен Оңтүстік Американың шығыс бөлігін, ал төменгі оң бұрыштан Венера планетасын байқауға болады. Екінші суретте Жердің күн мен көлеңке түскен бөліктері анық бөлінген.
Ғарышкер Джереми Хансеннің айтуынша, ұшу траекториясына шыққаннан кейін экипаж ұзақ уақыт бойы иллюминатордан алыстап бара жатқан Жерді бақылап тұрған.
Бұл соңғы 50 жылдан астам уақыт ішінде адам қолымен түсірілген ең алыс қашықтықтан жасалған алғашқы сурет. Оны 1972 жылы «Аполлон-17» экипажы түсірген әйгілі The Blue Marble суретімен салыстыруда.
Айта кетейік, Artemis II миссиясы – 1972 жылдан кейінгі Айға бағытталған алғашқы пилотты сапар. Orion ғарыш кемесі Жерден 400 мың шақырымнан астам қашықтыққа ұшып барып, Айды айналып өтіп, кері оралады.
Қазір NASA миссия барысын онлайн көрсетуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







