Қазақстанның мұнай картасында жаңа ірі нүкте бой көрсете бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«ҚазМұнайГаз» Каспий маңы бассейніндегі Жылыой карбонат платформасын таныстырып, оны ауқымы жағынан Қашағанмен салыстыруға болатынын мәлімдеді. Алдын ала бағалауға қарағанда, аталған құрылымның ресурстық әлеуеті 20 миллиард тонна шартты отыннан асады. Мұндай меже Жылыой бағытын геологтар үшін де, энергетикалық стратегия үшін де айрықша маңызға шығарып отыр.
Жоба халықаралық Geoscience & Exploration Central Asia геологиялық форумында таныстырылды.
Платформаның аумағы шамамен 9 мың шаршы шақырымға созылады. Ең назар аударар жайт, осы кеңістік осыған дейін толыққанды зерттеле қоймаған. Ендігі жоспар 2D және 3D сейсмикалық барлау жүргізіп, кемінде 8 мың метр тереңдікке дейін түсетін аса терең ұңғыма бұрғылауды көздейді.
Өңірдің әлеуетін күшейте түскен тағы бір белгі Қаратон тұзасты учаскесінен байқалды. Мұнда газдың фонтанды ағыны алынған. Мамандар мұны аймақ қойнауындағы қордың ауқымды болуы мүмкін екенін аңғартатын маңызды нышан ретінде бағалап отыр.
Лукойл мәселесі біржақты болды ма?
ҚМГ сонымен қатар Қаламкас-теңіз бен Хазар кен орындарын игеру жоспарын да күн тәртібінен түсірген жоқ. Ресейлік «Лукойл» АҚШ санкцияларына байланысты жобадан шыққан соң, компания алдағы қадамның жаңа нұсқаларын қарастырып жатыр. ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиевтің сөзінше, жобаға қатысты әртүрлі амал таразыланып жатыр, жаңа серіктес табу ықтималдығы да жоққа шығарылмайды. Дегенмен нақты келіссөз әзірге басталмаған.
Қаламкас–Хазар жобасы Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Себебі оның аясында шамамен 81 миллион тонна мұнай мен 22 миллиард текше метр газ қоры бар деп бағаланған. Жалпы инвестиция көлемі 6,4 миллиард доллар шамасында болған.
АҚШ енгізген санкциялық қысым ресейлік мұнай компанияларына байланған бірқатар бастаманың қарқынын баяулатты. Соның салдарынан Қаламкас–Хазар бағытында әзірге тек жобалау кезеңі ғана аяқталған. Сарапшылар аталған жобаның әлі де осал тұсы барын айтады. Сол себепті алдағы кезеңде Қытай немесе Таяу Шығыс инвесторлары секілді жаңа ойыншылардың келуі ықтимал деген болжам күшейіп отыр.
Қысқасы, ҚМГ бір мезетте екі үлкен мәселені қатар арқалап тұр: бірі Жылыой секілді алып құрылымды ашып, жаңа мұнай-газ көкжиегін қалыптастыру, екіншісі санкция көлеңкесінде қалған теңіз жобаларына жаңа тыныс табу. Осы екеуінің қалай өрбитіні алдағы жылдары Қазақстанның энергетикалық келбетін айқындап беруі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







