АҚШ президенті Дональд Трамптың НАТО-мен арадағы келіспеушілігі тереңдей түсті. Трамп соңғы уақытта НАТО бойынша одақтастарының Ормуз бұғазын қамтамасыз етуге көмектесе алмағанына, сондай-ақ Гренландияны сатып алу жоспарының ілгерілемегеніне қатты наразы болған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ақ үйдегі атын атамауды өтінген шенеуніктің айтуынша, президент кеңесшілерімен бірге Еуропадан америкалық әскерилердің бір бөлігін шығару мәселесін талқылаған. Әзірше нақты шешім қабылданған жоқ. Пентагонға да осы мәселе бойынша жоспар дайындауға нақты тапсырма берілмеген.
Дегенмен бұл пікірталастар Вашингтон мен НАТО-дағы еуропалық серіктестер арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты нашарлағанын көрсетеді. Тіпті НАТО бас хатшысы Марк Рюттенің жақында Ақ үйге жасаған сапары да жағдайды жақсарта алмаған сыңайлы. Сарапшылардың айтуынша, қазір трансатлантикалық қатынастар НАТО құрылған 1949 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түсіп кеткен.
«Президент Трамп НАТО құрамынан толық шығу туралы ойды да бірнеше рет көтерген болатын. Егер ол әскерлерді Еуропадан шығара бастаса, бұл АҚШ-тың қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін айтарлықтай төмендетіп, альянстан формалды түрде шықпай-ақ өз ұстанымын айқын көрсете алар еді», – деп түсіндіреді Ақ үй шенеунігі.
Қазіргі таңда Еуропада АҚШ-тың 80 мыңнан астам әскері орналасқан. Олар Еуропа қауіпсіздігінің маңызды бөлігін құрайды. Әсіресе, Германияда 30 мыңнан аса әскери қызметкер бар. Сонымен қатар Италия, Ұлыбритания және Испанияда да АҚШ әскерлері орналасқан.
Шенеунік қай елдерден және нақты қанша әскердің шығарылуы мүмкін екенін айтпаған. Дегенмен бұл мәселе Ақ үйде қызу талқыланып жатқаны анық.
НАТО бас хатшысы Марк Рютте CNN арнасына берген сұхбатында Трамптың альянсқа деген наразылығын түсінетінін жеткізді. Ол Иранмен соғыс кезінде «Еуропа елдерінің басым бөлігі» АҚШ-қа көмек көрсеткенін алға тартты. Рюттенің айтуынша, Трамп Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде НАТО елдерінен нақты міндеттемелер күтеді.
Трансатлантикалық қауіпсіздікке қатер төнді ме
Ақ үй өкілінің айтуынша, Трампты қатты ашуландыратын тағы бір жайт – Гренландияны сатып алу бастамасының іске аспауы. Қаңтар айында Трамп Гренландия мәселесін қайта көтеріп, Дания аумағын қосып алу жоспары туралы мәлімдеген еді. Алайда бұл бастама еуропалық серіктестер тарапынан елеусіз қалып, іс жүзінде еш нәтиже бермеген.
«Давоста болған кезде Трамп НАТО-дан Гренландия бойынша нақты жоспар әзірлеуді талап етті. Бірақ альянс бұл талапты шындап қабылдамаған сияқты», – дейді Ақ үй өкілі.
Жалпы, АҚШ президентінің НАТО-мен арадағы келіспеушілігі соңғы үш айда қатты ушықты. Ирандағы әскери іс-қимылдар басталғалы бері (28 ақпаннан бастап) Трамп НАТО-дағы одақтастарының Ормуз бұғазы мәселесінде нақты қолдау білдірмегеніне де қатты наразы.
Wall Street Journal басылымының деректеріне сүйенсек, Ақ үй әкімшілігіндегі жоғары лауазымды тұлғалар Еуропадағы америкалық әскерилерді НАТО-дағы саясатын ашық сынға алған елдерден, керісінше, бұл саясатқа қолдау білдірген елдерге көшіру мәселесін де талқылаған.
Дегенмен Reuters агенттігіне пікір білдірген Ақ үй өкілі Трамптың Еуропадан әскерлерді басқа елдерге көшіру емес, оларды АҚШ-қа толықтай қайтару мүмкіндігін ғана талқылағанын атап өтті.
Қалай болғанда да, қазіргі трансатлантикалық шиеленіс НАТО тарихындағы ең күрделі дағдарыстардың біріне айналып отыр. Әзірге бұл мәселеге қатысты нақты шешім қабылданбағанмен, АҚШ пен Еуропа арасындағы қарым-қатынас алдағы уақытта да оңайлықпен түзелмейтін сияқты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







