Грузиядан Қазақстанға аса ірі көлемде ақша жымқыруға қатысы бар деген күдікпен іздеуде жүрген экс-басшы экстрадицияланды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тергеу дерегінше, күдікті «Транстелеком» компаниясын басқарған тұста мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өтіп, спутниктік және телекоммуникациялық құрал-жабдықтарды жалға алу бойынша заңсыз келісім-шарт жасасқан. Соның кесірінен мемлекетке төрт миллиард теңгеден астам шығын келген.
Күдікті қылмыс әшкереленген соң Қазақстаннан бой тасалап, халықаралық іздеуде болды. 2026 жылдың наурызында оны Грузияның құқық қорғау органдары қолға түсірді. Бас прокуратура сұрау салып, күдіктіні елге қайтарған. Қазір ол тергеу изоляторында. Егер кінәсі дәлелденсе, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Айта кетейік, «Транстелеком» компаниясы қазір Тимур Турловқа қатысы бар құрылымдардың иелігінде. Бірақ аталған қаржылық алаяқтық фактілері компания әлі де квазимемлекеттік секторда тұрған кезде, Нұрәлі Әлиевтің басқаруы кезінде орын алған болуы мүмкін.
Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиев 2016 жылы жекешелендіру бағдарламасы арқылы алдымен компанияның 49% акциясын иеленіп, кейінірек Unit Telecom компаниясы арқылы өз үлесін 75%-ға дейін ұлғайтқан. Қалған 25% акция әлі де «Қазақстан темір жолы» арқылы мемлекеттің иелігінде.
Акционерлер ауысар алдында Әлиев алты миллиард теңге көлемінде дивиденд алып үлгерген. Ал 2025 жылдың желтоқсанында «Транстелекомға» қатысты құрылымдар Тимур Турловқа өтетіні белгілі болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







