Астанада «AMANAT» партиясының «Үздік партияға – үздік кадрлар» жобасы аясында кадрлық активтің функционалдық дағдыларын дамытуға арналған білім беру бағдарламасының ашылу рәсімі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға Мәжіліс төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Мәжіліс депутаттары және өңір басшылары қатысты. Арнайы шақырылған Абай облысының әкімі Берік Уәли жергілікті басқару сапасын арттыру тақырыбында баяндама жасап, аймақтық деңгейде қордаланған мәселелерді ашық айтты.
Облыс әкімі бұл бастама кезекті оқыту науқаны ғана емес, әкімдер мен мәслихат депутаттарының жұмысын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл әкімдерін халық тікелей сайлап отырғанымен, олардың бәрінде бірдей мемлекеттік басқару тәжірибесі жеткілікті емес. Сол себепті заңнаманы дұрыс қолдану, тұрғындармен тиімді байланыс орнату, бюджетті сауатты жоспарлау, инвестиция тарту секілді бағыттар бойынша нақты білім мен тәжірибе қажет.
Берік Уәли өз сөзінде Абай облысындағы ахуалға тоқталып, өңірде 138 ауылдық округ, кент және аудандық маңызы бар 2 қала бар екенін жеткізді. Олардың бюджетінің жалпы көлемі шамамен 15,9 млрд теңгені құрайды.

Алайда соның 69 пайызға жуығы жоғары тұрған бюджеттен бөлінетін трансферттер екені айтылды. Әкімнің пікірінше, осының өзі жергілікті жердегі қаржылық дербестіктің әлі де әлсіз екенін көрсетеді. Талдау нәтижесіне қарағанда, 50-ге жуық ауылдық округ қана өз кірістері есебінен даму бағдарламаларын жүзеге асыруға қауқарлы.
Аймақ басшысы осы деректерді маңызды белгі ретінде бағалады. Оның айтуынша, мәселе салық базасының әлсіздігінде ғана емес, бюджеттік жоспарлау мен инвестиция тарту саласындағы құзыреттіліктің жетіспеуінде жатыр.
Сондықтан «Бюджеттік вертикаль: республикадан ауылға дейін» және «Даму үшін салықтар: түсімдер базасынан нәтижеге дейін» секілді оқу модульдері әр ауыл әкімінің күнделікті жұмыс құралына айналуы тиіс. Берік Уәли мұндай оқытуға тек ауыл әкімдерін ғана емес, аудан және қала әкімдерін де кеңінен тарту қажет екенін айтты. Оның пікірінше, осындай бағдарламалар облыстық басқару деңгейіне де пайдалы.
Сонымен қатар облыс әкімі жергілікті мәслихат депутаттарының қызметіне, мемлекеттік жоспарлау сапасына және өңірлік бағдарламалардың орындалуына қатысты ой бөлісті. Ол жаңа оқу бағдарламасы әкімдер мен депутаттардың кәсіби біліктілігін күшейтіп, халықпен нақты әрі нәтижелі жұмыс істеуге жол ашады деген сенім білдірді.
Контекст
Жалпы жоба жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы буынды қалыптастыруды көздейді. Партияның Саяси менеджмент академиясы жаңа форматта сайланған ауыл әкімдерін, мәслихат депутаттарын және бастауыш партия ұйымдарының өкілдерін оқытуға кірісті. Бағдарлама аясында басқарушылық құзыреттерді арттыру, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, стратегиялық ойлауды жетілдіру және мемлекеттік жобалық басқаруды меңгеру негізгі бағыт ретінде алынған.
Жаңа бастаманың Абай облысынан басталуы да кездейсоқ емес. Өңірде жергілікті басқару сапасын күшейту, қаржылық дербестікті арттыру, ауыл деңгейіндегі шешім қабылдау мәдениетін жетілдіру мәселесі өзекті болып тұр. Сондықтан оқу бағдарламасының алғашқы қадамы дәл осы аймақтан басталуы мазмұндық жағынан да, тәжірибелік тұрғыдан да орынды көрінеді.

Жиынның жалпы мазмұны бір нәрсені анық аңғартты. Қазір жергілікті басқаруда бұрынғыдай тек лауазым емес, нақты білім, жоспарлау қабілеті, қаржыға сауат және халықпен жұмыс істеудің заманауи тәсілі қажет. Сол талапқа жауап беретін кадр қалыптаспайынша, өңірлік саясаттың тиімділігі де толық ашылмайды. Астанада басталған осы бағдарлама дәл сол олқылықтың орнын толтыруға бағытталған жаңа қадам ретінде бағаланып отыр.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі индустриялық және әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысымен танысып, Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуын тексерді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







