Депутат Еділ Жаңбыршин ит-мысықты қорғайтын белсенділерді қырылған төрт түлікке де назар аударуға шақырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ол өз жазбасында Маңғыстаудағы қатты жаңбырдан кейін Ақшымырау ауылы маңында мал ығып кетіп, сорға кіргенін айтты. Депутаттың айтуынша, сорға батып өлген және одан шыға алмай қалған жылқы көп.
Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті билік шұғыл көмек көрсетпесе, ахуал одан әрі қиындай түсуі мүмкін. Сол себепті ол жауапты органдарды тез арада іске кірісуге үндеген.
Сонымен бірге депутат зообелсенділерге де үн қатты. Оның ойынша, жануар құқығын қорғайтын топтар тек ит пен мысық мәселесімен шектелмей, табиғи апаттан зардап шеккен төрт түлікке де көңіл бөлуі керек. Жаңбыршин Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі белсенділерді, тіпті ТМД елдеріндегі қолдаушыларын да көмекке келуге шақырды.
Осылайша депутат өз жазбасында Маңғыстаудағы жағдайға қоғам назарын аударып, зардап шеккен малды құтқару ісіне мемлекетпен бірге еріктілер де араласуы қажет деген ой айтты.
Депутат Жаңбыршин «Мәтен Петролеум» мұнай компаниясының бас директоры Лү Цзиншенді әбден састырғанын тілшілеріміз жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







