Маңғыстау облысында тоқтамай жауған жаңбырдан кейін Маңғыстау ауданының Ақшымырау ауылы маңында жаппай жылқы қырылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Lada-ның дерегінше толассыз жаңбыр салдарынан далалықтағы мал сор батпаққа батып, көпшілігі өлген. Әлеуметтік желілерде ауыл тұрғындары мал шығынының өте көп екенін айтып, дабыл қағуда. Олардың сөзінше, әрбір аула бірнеше бас малдан айырылған.
«Жаңбыр суы тасып, малды Ақшымырау ауылы маңындағы сорға айдап кеткен. Жылқылар тұзды балшыққа батып қырылып жатыр, кейбіреуі әлі шыға алмай тұр. Егер төтенше жағдай қызметі мен жергілікті билік көмек көрсетпесе, жағдай ушыға түседі», – дейді ауыл тұрғындары.
Жергілікті халық депутаттар мен жануарлар құқығын қорғаушыларды жағдайға араласуға шақырды.
Нені білу маңызды?
Маңғыстау ауданы әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта оқиғаны толық зерттеу үшін арнайы комиссия құрылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүзден астам жылқы батпаққа батып қалған. Әкімдік өкілдері әзірге нақты мал шығынын анықтау қиын екенін айтады, себебі тұрғындар жоғалған малдың толық санын есептеп үлгермеген.
Алғашқы болжам бойынша, малдың жаппай қырылуына қатты дауыл мен нөсер жаңбыр себеп болған. Бағытынан адасқан жылқылар сулы әрі тұзды жерлерге түсіп кеткен. Кейбір табындар елді мекендерден 60-80 шақырым алыста қалып, сол жерлерде қырылған болуы мүмкін.
«Қазір апат салдарын жою үшін барлық күш жұмылдырылды. Ірі кәсіпорындардың техникасы, төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті әкімдіктің қызметкерлері белсенді жұмыс істеп жатыр. Су сору және аумақты тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жағдай ерекше бақылауда. Мал иелерімен байланыс орнатылып, қазіргі заманғы мониторинг құралдары мен арнайы техника пайдаланылуда», – деп хабарлады аудан әкімдігі.
Айта кетелік, бұған дейін танымал ғалым Қазақстан арқылы Өзбекстан мен Қырғызстанға транзитпен өтетін ресейлік малдан аусыл белгілері байқалған айтып, дабыл қаққан еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







