Еліміздегі темір жол құрамдарына ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін арнайы вагондар енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, көлік саласындағы инклюзивті саясат инфрақұрылым, көлік және қызмет көрсету бағыттары бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Бүгінде теміржол көлігіндегі құрамдардың шамамен 90%-ы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған көтергіштер және арнайы купелермен жабдықталған. Ал 2030 жылға қарай әрбір теміржол құрамында кемінде бір арнайы мамандандырылған вагон болмақ.
Сонымен қатар вокзалдарды жаңғырту бойынша ауқымды бағдарлама іске асырылуда. Бағдарлама аясында пандустар, лифттер, арнайы көтергіш құрылғылар орнатылып, кассалар мен санитарлық орындар қолжетімділік талаптарына сәйкес жабдықталады.
Авиация саласында да инклюзивтілік деңгейі артып келеді. Қазіргі таңда еліміздегі әуежайлар ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсетудің барлық талаптарымен қамтамасыз етілген.
Автомобиль көлігі саласында автовокзалдар мен автостанциялардың шамамен 80%-ы, ал қалалық автобустардың 79%-ы қолжетімділік нормаларына толық сай келеді.
Инватакси жүйесі бойынша да айтарлықтай жетістіктер бар. Автопарк 30%-ға артып, 1426 көлікке жеткен.
Осы шаралардың барлығы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың ел ішінде еркін жүріп-тұруына және көлік қызметтерін қолжетімді пайдалануына толық жағдай жасауға бағытталған.
Астанаға ұшып келген ұшақта кәмелетке толмаған балаларға қатысты жағымсыз оқиға тіркелді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







