Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Айбын Төрехан мен Қырғызбай Бегімбековтің «Үйірлі жылқы шаруашылығы» атты ғылыми мәні жоғары оқу құралының ресми таныстырылымы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар, жылқы тақырыбын терең зерттеп жүрген әдебиеттанушылар, жазушылар, сала ардагерлері, жас ғалымдар, бизнес және БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараны Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Басқарма төрағасы – ректорының бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов жүргізді.
Жаңа еңбек қазақтың дәстүрлі жылқы шаруашылығын қазіргі ғылыми жетістікпен ұштастыра отырып, үйірлі жылқы бағудың теориялық және практикалық негізін жүйелі түрде ұсынады. Кітапта жылқы өсіру мәдениеті, тұқым асылдандыру, табиғи жайылымға бейімделген малды күтіп-бағу, өнімділікті арттыру және жергілікті тұқымдарды сақтау мәселелері қамтылған.
Таныстырылым барысында сөз алған ғалымдар мен қаламгерлер еңбектің тек оқу құралы ретінде ғана емес, ұлттық шаруашылық мәдениетін жаңғыртатын маңызды ғылыми жұмыс екенін атап өтті. Себебі жылқы қазақ үшін жай түлік емес, көшпенді өмір салтының, кең даладағы тіршіліктің, еркіндік пен өрліктің белгісі болып келген.
Жылқы мен рух
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлы кітаптың жарық көруін құптап, авторларға алғыс білдірді. Оның айтуынша, қазақтың жылқыға деген ықыласы тұрмыс пен руханияттың терең қабатынан бастау алады. Жазушы мұндай еңбектер ұлттық жадыны сақтап қана қоймай, жас ұрпаққа жылқы мәдениетінің қадірін түсіндіретінін жеткізді.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, этнограф-ғалым Ахмет Тоқтабай еңбектегі тарихи деректер мен қазақ халқының жылқы мәдениетіне қатысты тұжырымдарға ерекше тоқталды.
– Үйірлі жылқы шаруашылығы қазақ даласында кездейсоқ қалыптасқан тәжірибе емес, ғасырлар бойы табиғи сұрыптау мен өмірлік қажеттіліктен туған озық жүйе. Сондықтан оны бүгінгі ғылыми айналымға енгізу аса маңызды, – деп ойын ортаға салды.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, «Құрметті ғалым – ипполог» Кеңесхан Дүйсембаев қазақ тіліндегі жылқы шаруашылығына арналған сапалы оқу құралдарының аз екенін айтып, жаңа кітаптың осы олқылықты толтыратынын атап өтті.
– Еңбек студенттерге де, шаруашылық мамандарына да қажет. Себебі қазіргі жылқы шаруашылығында кәсіби зооинженерлік білім, селекциялық сауат және өндірістік тәжірибе қатар жүруі керек, – деді Кеңесхан Дүйсембаев
Дәстүрлі әдіс ғылыми негізбен толықты
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Исхан кітаптағы өндірістік және селекциялық бағыттың өзектілігіне назар аударды. Оның айтуынша, жылқы шаруашылығын дамыту үшін тұқым сапасын арттыру, жергілікті табиғи ортаға бейімделген жылқыны сақтау және ғылыми негізделген асылдандыру жұмысын күшейту қажет.
Бейнебайланыс арқылы қосылған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қабыл Исабеков авторлардың ұзақ жылғы тәжірибесі мен ғылыми ізденісіне жоғары баға берді. Ол кітаптың ғылыми орта үшін де, нақты өндіріс үшін де пайдалы болатынын айтты.

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев та онлайн форматта қатысып, ұлттық жылқы шаруашылығын дамытудағы мұндай еңбектердің маңызын атап өтті. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы саласында ұлттық тәжірибені ғылыми әдіспен бекіту – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл экономикасы үшін де маңызды бағыт.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Сейлхан Рахманов кітаптың ғылыми және өндірістік бағытты қатар қамтығанын ерекшелік ретінде атады. Оның пікірінше, жылқы шаруашылығы туралы еңбек тек теориялық сипатта қалмай, нақты шаруашылықта қолдануға ыңғайлы болуы қажет. «Үйірлі жылқы шаруашылығы» осы талапқа жауап береді.
Жиын барысында үйірлі жылқы шаруашылығының бүгінгі жағдайы, асылдандыру жұмысы, қазақ жылқысының тұқымдық сипаттары, жергілікті тұқымдарды сақтау және саланы заманауи дамыту жолдары талқыланды. Қатысушылар кітаптың мазмұнына қызығушылық танытып, авторларға сұрақ қойды.
Жылқы шаруашылығының ғылыми-экономикалық бағыты
Жылқы шаруашылығы бүгінде тек мәдени-рухани мұра ретінде емес, экономикалық тұрғыдан да маңызды салаға айналып отыр. Жылқы еті мен сүтіне сұраныс артып келеді. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талап күшейген сайын, бұл салада ғылыми негізделген жұмысқа сұраныс та артады.
Қазақтың байырғы үйірлеп бағу әдісі табиғи-селекциялық сұрыптауға сүйенген. Жыл бойы жайылымда бағуға бейімделген төзімді тұқымдар еліміздің әртүрлі табиғи-климаттық жағдайында тиімділігін көрсетіп келеді. Сондықтан мұндай тәжірибені қазіргі селекциялық-генетикалық әдістермен ұштастыру – саланың болашағы үшін қажет қадам.

Айбын Төрехан мен Қырғызбай Бегімбековтің еңбегі осы тұрғыдан құнды. Кітапта ғасырлар бойы жинақталған дәстүрлі білім мен қазіргі ғылыми әдіс қатар қарастырылады. Қазақ жылқысының тұқымдық ерекшелігі, үйірлі бағудың артықшылығы, асылдандыру жұмысының бағыты және жылқы шаруашылығын дамыту жолдары жүйелі берілген.
Таныстырылымға қатысқан ғалымдар ортақ ой айтты: жылқыны ғылыми негізде дамыту – тарихи жауапкершілік. Себебі жылқы қазақтың шаруашылығымен ғана емес, мінезімен, тұрмысымен, рухымен бірге қалыптасқан. Ал оны бүгінгі ғылым тілімен түсіндіру, оқу құралына айналдыру және келер буынға жеткізу – ұлттық мұраны сақтаудың нақты жолы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







