Алатау қаласының маңында Қазақстандағы eVTOL технологиясына негізделген аэротаксидің алғашқы демонстрациялық ұшуы таныстырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
19 мамыр күні Alatau City аумағында «Alatau Advance Air Group Ltd.» жеке компаниясы электр қуатымен тік ұшып-қонатын әуе аппаратының алғашқы сынақ ұшуын өткізді. eVTOL деп аталатын мұндай аппараттар қалалық әуе мобильдігі, яғни Urban Air Mobility жүйесінің негізгі технологияларының бірі саналады. Қазақстан үшін аталған жоба жаңа көлік индустриясын қалыптастыруға жасалған алғашқы практикалық қадам болып отыр.
Демонстрациялық ұшу аясында қалалық әуе мобильдігі экожүйесінің бірнеше маңызды элементі көрсетілді. Олардың қатарында AutoFlight компаниясының жолаушыларға арналған eVTOL аппараты, ұшқышсыз авиациялық жүйелер арқылы жүк жеткізу шешімдері және қалалық ортадағы әуе қозғалысын басқаруға арналған цифрлық UATM жүйесі бар.
Іс-шарада AutoFlight компаниясының PROSPERITY жолаушылар моделі таныстырылды. Аппарат 6 орынға есептелген: 5 жолаушы және 1 ұшқыш. Ең жоғары жылдамдығы сағатына 200 шақырымға жетеді, ал ұшу қашықтығы шамамен 200 шақырымды құрайды. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, демонстрациялық ұшу жолаушыларсыз өтті. Қатысушылар ұшуды арнайы бақылау алаңынан тамашалады.
Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азияда төмен биіктіктегі экономикаға арналған қауіпсіз әрі тиімді әуе мобильдігі инфрақұрылымын қалыптастыру. AAAG компаниясы авиация, инженерия, цифрлық шешімдер және әуе қозғалысын басқару саласындағы сарапшыларды біріктіріп отыр. Компания Alatau City-дің инновациялық көлік экожүйесінің бір бөлігі ретінде жұмыс істейді.
Алатау қаласы Қазақстан көлік картасын өзгертпек
AAAG KPMG компаниясының Корея және АҚШ бөлімшелерімен бірге төмен биіктіктегі экономика, eVTOL аппараттары және ұшқышсыз авиациялық жүйелерді практикалық қолдану бойынша халықаралық тәжірибені зерттеген. Осы бағытта АҚШ, Бразилия, Еуропа және Қытайдағы өндірушілер арасында халықаралық іріктеу жүргізіліп, екі жеткізуші таңдалды.

Компания қызметкерлері де арнайы дайындықтан өткен. Олар 3-санаттағы ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторларының сертификатын алып, ҰАЖ арқылы авиациялық жұмыстарды орындауға рұқсат алған. Сонымен қатар республикалық авиациялық заңнамаға және Алатау қаласының жергілікті нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу жұмыстары басталды. Алдыңғы қатарлы әуе мобильдігіне қатысты ережелер «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға енгізілді.
Алатау қаласының Golden ауданында Қазақстандағы алғашқы қалалық әуе мобильдігі орталығы әрі болашақ вертипорт саналатын UAM Center Eurasia жобасын әзірлеу басталды. Бұл бағытта италиялық UrbanV операторы және Korea Airports Corporation серіктес болып отыр. Вертипорттар болашақта әуе таксиі мен пилотсыз ұшу аппараттарының қону, ұшу, техникалық қызмет алу және жолаушы қабылдау алаңына айналады.
Жобаға AutoFlight, Korea Airports Corporation, UrbanV, Keeta Drone, A2Z және Shenzhen Urban Transportation Planning Center секілді халықаралық серіктестер қатысып жатыр. Олардың әрқайсысы әуе мобильдігі экожүйесінің белгілі бір бөлігін дамытуға жауап береді. Бірі ұшу аппаратын ұсынса, енді бірі вертипорт жобалайды, үшіншісі жүк жеткізу инфрақұрылымын немесе әуе қозғалысын цифрлық басқару жүйесін әзірлейді.
AutoFlight компаниясы eVTOL саласындағы әлемдік технологиялық ойыншылардың бірі саналады. Компания 2017 жылы Шанхайда құрылған. Оның портфелінде өнеркәсіптік ұшқышсыз аппараттар, 400 келіге дейін жүк көтеретін eVTOL үлгілері, 5 орындық және 10 орындық жолаушылар модельдері, сондай-ақ су бетіне қонуға бейімделген экологиялық мобильді вертипорт шешімдері бар. Компания өнімдері көлік, логистика және төтенше жағдайлар саласында қолдануға арналған.
AutoFlight негізін қалаушы Тянь Юй 2008 жылы Еуропадағы алғашқы сертификатталған бір орындық электрлі ұшақты, 2009 жылы екі орындық электрлі ұшақты жасап шығарған. 2011 жылы ол Lift & Cruise конфигурациясына әлемдегі алғашқы патенттердің бірін алды. Осы технология кейін AutoFlight желісінің негізгі инженерлік базасына айналды.

Компанияның еуропалық сертификаттау орталығы Германияда орналасқан. Ғылыми-зерттеу жұмыстары Шанхай мен Шэньчжэньде жүргізіледі, өндіріс Куньшань қаласындағы зауытта іске асады. AutoFlight CATL компаниясымен стратегиялық серіктестік орнатқан. CATL – Tesla, BMW, Honda және Volkswagen сияқты ірі брендтермен жұмыс істейтін әлемдегі жетекші аккумулятор өндірушілердің бірі. Бұл серіктестік авиациялық деңгейдегі қауіпсіз әрі сенімді батарея жүйелерін әзірлеуге бағытталған.
AutoFlight бірқатар маңызды жетістікке ие. Компания тонна санатындағы толық сертификаттар пакетін алған eVTOL аппараттарының бірін әзірледі. 2023 жылы екі тонналық eVTOL бір қуаттаумен 250,3 шақырым ұшып, қашықтық бойынша рекорд орнатты. Сонымен қатар компания үш екі тонналық eVTOL аппаратының топтық ұшуын және алғашқы бес тонналық eVTOL үлгісін таныстырған.
Коммерциялық тәжірибе де бар. Компания аппараттары 10 мыңнан астам өтпелі ұшу жасаған. Қытайдың Гуйчжоу провинциясындағы таулы аймақтарда 120 шақырымдық жүк тасымалы 40 минутта орындалған. Сонымен қатар теңіздегі жел электр станцияларын инспекциялау және Оңтүстік Қытай теңізіндегі мұнай платформасына 158 шақырым қашықтықта 57 минутта жедел жеткізу операциялары жүргізілген.
Әуе такси болашақ логистика бағыты
AAAG пен Joby Aviation арасындағы стратегиялық әріптестік те сақталып отыр. Joby Aviation eVTOL нарығындағы танымал америкалық компаниялардың бірі саналады. Алайда алғашқы жеткізілім 2028 жылдың соңына жоспарланғандықтан, сынақ ұшулары мен операциялық рәсімдерді пысықтау үшін қазіргі кезеңде AutoFlight аппараты таңдалды. AutoFlight қазірдің өзінде сертификатталған аппараттарды тапсырыс берушілерге жеткізіп, халықаралық нарықтағы қатысуын кеңейтіп жатыр.
2026 жылы AutoFlight аппараттарының қосымша демонстрациялық ұшулары, ұшқышсыз жүйелер арқылы жүк жеткізу шешімдері және eVTOL мен ҰАЖ үшін аэронавигациялық бағдарламалық қамтамасыз ету жұмысы таныстырылмақ. Сонымен қатар eVTOL жеткізу келісімшарттарына қол қою және Алматыда дрондар арқылы жеткізудің пилоттық жобасын іске қосу жоспарланған.
Қазақстандағы жоба әлемдік тәжірибемен үндесіп отыр. АҚШ-та төмен биіктіктегі экономиканы дамыту ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық көшбасшылыққа ықпал ететін сала ретінде қарастырылады. Advanced Air Mobility стратегиясы бойынша 2028 жылға дейін АҚШ-тың негізгі аймақтарында коммерциялық ұшуларды кеңейту жоспарланып отыр. NASA да мұндай аппараттарды ұлттық әуе кеңістігіне қауіпсіз енгізу жолдарын зерттеуде.
Алатау маңындағы алғашқы демонстрациялық ұшу Қазақстанның қалалық әуе мобильдігі саласына ерте кезеңнен кіруге ұмтылып отырғанын көрсетеді. Жоба көлік жүйесіне жаңа жылдамдық, экологиялық таза қозғалыс және цифрлық басқару мәдениетін әкелуі мүмкін. Егер пилоттық кезең сәтті өтсе, Алатау мен Алматы арасындағы байланыс, өңірлік логистика, жедел жеткізу, төтенше жағдай қызметтері және туристік бағыттар үшін жаңа мүмкіндік ашылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







