Астана қаласында 2027 жылы бокстан әлем чемпионаты өтеді. Елорда әкімі бұл оқиғаның қала үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін атап өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, Астана алдағы жылдары әлемдік бокстың басты орталықтарының біріне айналмақ.
Жеңіс Қасымбек World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкинмен, ұйымның бас хатшысы Том Диленмен және өзге де өкілдермен кездескенін хабарлады. Кездесу барысында әлем чемпионатына дайындық, спорт инфрақұрылымының әзірлігі және алдағы ынтымақтастық мәселелері талқыланған.
Қала әкімінің айтуынша, бокс Қазақстан үшін жай спорт түрі емес. Ол елдің болмысымен біте қайнасқан, қайсарлықты, тәртіпті және жеңіске деген жігерді көрсететін маңызды бағыт.
Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысы Қазақстанның бокстағы әлеуеті жоғары екенін, бұл жетістіктер халықаралық спорт аренасында мойындалғанын айтқанын еске салды. Президент бұған дейін боксты ұлттық спорт түріне айналдыру міндеті тұрғанын атап өткен еді.
Әкімнің пікірінше, 2027 жылғы әлем чемпионаты ауқымды спорттық дода ғана емес, қазақстандық бокстың жоғары деңгейін тағы бір мәрте айқындайтын маңызды іс-шара болмақ.
«Чемпионатты ең жоғары деңгейде өткізу үшін бар күш-жігерімізді саламыз», деп жазды Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







