Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде Қазақстан руханияты мен әдебиетіне үлес қосып жүрген қаламгерлермен кездесіп, ел руханияты, ұлттық әдебиет және Түркістанның түркі әлеміндегі тарихи орны туралы пікір алмасты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, этнограф Қасымхан Бегманов және ақын Қалқаман Сарин қатысты. Кездесуде әдебиет пен мәдениетті қолдау, өңірдегі рухани іс-шаралардың аясын кеңейту, Түркістанды халықаралық мәдени-гуманитарлық орталық ретінде дамыту мәселелері талқыланды.
Нұралхан Көшеров мәдениет пен өнер ұлттың рухани тірегі екенін атап өтіп, Түркістан өңірінде әдебиетке, мәдениетке және шығармашылық қауымға қолдау жалғасатынын айтты. Облыс әкімі қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы орны ерекше екенін, олардың еңбегі елдің рухани дамуына серпін беретінін жеткізді.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістанда ауқымды жаңғыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Сонымен қатар жуырда өткен түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде Түркістанның ортақ өркениеттің алтын бесігі, бауырлас халықтардың рухани тұғыры ретінде жоғары бағаланғанына тоқталды.
«Сіздерді Түркістан төрінде көргеніме қуаныштымын. Түркістан – тек қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының қасиетті мекені. Қасиетті мекенде өткен түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде Түркістанның аты ерекше құрметпен аталды. Бұл – бүкіл Алаш жұрты үшін үлкен мәртебе. Ғасырлар бойы ақындар мен жыраулар жырлаған қасиетті шаһар бүгінде жаңа дәуірдің рухани астанасына айналып отыр. Сондықтан Түркістанды дәріптеу – тарихымызды, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды ұлықтау», деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында Түркістан төрінде халықаралық деңгейдегі әдеби форумдар мен рухани кездесулер өткізудің маңызы да айтылды. Қаламгерлер көне шаһардың бүгінгі жаңарған келбеті ұлттық мәдениет үшін үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.
Түркі әлемінің рухани тұғыры
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Түркістанның соңғы жылдардағы дамуы қазақ руханияты үшін қуанышты жағдай екенін айтты. Оның сөзінше, қалада тарихтың үні, бабалардың ізі және ұлттың терең жады бар. Ол әдебиетке қолдау көрсету ұлттың болашағына қолдау көрсетумен тең екенін атап өтті.
«Жуырда Түркістан түркі елдері үшін маңызды саммитті жоғары деңгейде өткізді. Қуандық, сүйсіндік. Түркістан – ұлттың рухани тірегі. Бұл қалада тарихтың үні мен бабалардың ізі бар. Соңғы жылдары Түркістанның жаңарған келбеті күллі қазақ елінің мерейін өсірді. Мұнда руханиятқа деген ерекше жанашырлық бар екенін көріп отырмыз. Әдебиетке қолдау көрсету – ұлттың болашағына қолдау көрсету деген сөз», деді Мереке Құлкенов.
Ақын, этнограф Қасымхан Бегманов Түркістанды Алаш жұртының жүрегі деп бағалады. Оның айтуынша, көне шаһардың қасиеті ғасырлар бойы ақындар жырына, ойшылдар толғамына арқау болып келеді. Қаламгер өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, Түркістанның жаңаруын рухани сабақтастықтың белгісі ретінде сипаттады.
«Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Тұрақты түрде жаңалықтарды бақылап, қуанып жүреміз. Игі істерді үйлестірген облыс басшылығына, азаматтарға алғысымды айтамын. Түркістан туралы жырламаған ақын, толғамаған ойшыл кемде-кем. Себебі бұл мекен – рухтың мекені. Бүгінде бүкіл түркі дүниесі Түркістанға айрықша ықыласпен қарап отыр.
Түркістан – тарихтың ғана емес, болашақтың да қаласы. Бүгінгі Түркістан – жаңарудың, жаңғырудың символы. Қаламгерлерді арнайы қабылдап, руханиятқа қолдау көрсеткеніңіз үшін рахмет», деді Қасымхан Бегманов.
Басқосуда қазақ әдебиетін дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау, тарихи мұраны дәріптеу және Түркістанның рухани әлеуетін күшейту бағытындағы бірлескен жобалар жөнінде ұсыныстар айтылды. Қаламгерлер мен өңір басшылығы әдеби орта мен жергілікті мәдени кеңістіктің байланысын нығайту маңызды екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысында зиялы қауым өкілдері Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, рухани бастамаларға сәттілік тіледі. Түркістанның мәдени-тарихи салмағын арттыруға бағытталған мұндай кездесулер өңірдің ғана емес, тұтас елдің рухани кеңістігі үшін маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







