Электромобиль көліктердегі электрлі есік тұтқалары апат кезінде жолаушыны көлік ішінде қамап қоюы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұндай тұтқалар кәдімгі механикалық ысырма арқылы емес, электр қуатымен жұмыс істейді. Кей модельдерде, әсіресе Tesla көліктерінде, тұтқа есік панеліне толық кіріктірілген немесе батырма арқылы ашылады. Сырттай әдемі, аэродинамикаға тиімді көрінгенімен, қуат өшкен сәтте есікті ашу қиындық тудыруы мүмкін.
Bloomberg дерегінше, 2018 жылдан бері Tesla есіктерінің істен шығуына байланысты 140-тан астам оқиға тіркелген. Электронды тұтқаларға қатысты 15 адам өлімі айтылып отыр. 2019 жылы Tesla-ға қарсы сотқа талап та берілген. Онда жүргізуші өртеніп жатқан көлік ішінде есік ашылмағандықтан қаза тапқаны көрсетілген.
Осы себепті Қытай жылжымалы және есік панеліне кіріктірілген кей тұтқаларға тыйым салуға кірісті. АҚШ-та да SAFE Exit Act деп аталатын заң жобасы ұсынылды. Ол мұндай көліктерде міндетті түрде авариялық немесе қолмен ашу жүйесі болуын талап етеді. Сонымен қатар құтқарушылар төтенше жағдайда көлік салонына кіре алатындай арнайы тетік қарастырылуы керек.
Қазір көптеген электромобиль өндірушілері авариялық ашу механизмдерін енгізе бастады. Мәселен, Tesla Model 3 көлігінде алдыңғы және артқы есіктерді қолмен ашуға арналған тетіктер бар. Бірақ әр көлікте олардың орналасуы әртүрлі.
Кей модельдерде авариялық ашу тетігі ішкі есік тұтқасының жанында орналасады. Ол тартылатын бау, механикалық рычаг немесе батырма болуы мүмкін. Lucid Air көлігінде шағын рычаг есік панелінің ішінде, терезе басқару тетігінің артында тұр.
Tesla Model 3-тің алдыңғы есігінде қолмен ашу тетігі сол маңда орналасса, артқы есікте ол сақтау қалтасының ішінде жасырылған. Rivian R1T көлігінде артқы есіктің авариялық ашу бауы есік панелінің артында тұрады.
Сондықтан электромобиль мінетін адам ең алдымен өз көлігіндегі авариялық ашу тетігінің қайда орналасқанын білуі керек. Көлік нұсқаулығын қарап, механизмді алдын ала тексеріп алған дұрыс. Апат, өрт немесе электр жүйесі істен шыққан сәтте бірнеше секундтың өзі адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Сарапшылар көлік ішінде терезе сындыруға арналған шағын құрал ұстауға да кеңес береді. Электромобильдегі заманауи технология жайлылық сыйлағанымен, қауіпсіздік тетігін білмеу төтенше жағдайда үлкен қатерге айналуы ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







