Алматы облысының жағажайлары биылғы шомылу маусымына толық дайын. 1 маусымнан бастап өңірде шомылу маусымы ресми түрде басталады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірдегі арнайы бекітілген жағажайларда қауіпсіздік талаптары мен санитарлық ережелер толығымен сақталған. Су түбі алдын ала тексеріліп, тазартылып, қоршаулар мен ескерту белгілері орнатылған. Сонымен қатар, барлық рұқсат етілген аумақтарда құтқарушылар тұрақты түрде кезекшілік етеді.
Әсіресе Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлардың дамуына ерекше назар аударылған. Өткен жылы толықтай жаңартылған №5 жағажайда футбол және волейбол алаңдары, балалар ойын алаңы, воркаут-аймақтар, фудкорттар, пирс, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар мен автотұрақтар бар. Жағажай аумағы құтқару бекеттерімен, медициналық пунктпен және SOS батырмаларымен жабдықталған бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда №6 және №7 коммуналдық жағажайларда абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Капшағай су қоймасының жағалауындағы жекеменшік демалыс аймақтары да маусымға дайын. Олардың қатарында тұрғындар мен туристерге танымал «Delmare», «На море», «Home Club», «Comfort» кешендері бар.
Бұдан бөлек, Іле ауданындағы «Первомайские пруды» және Талғар ауданындағы «Park Resort Восемь озер» кешендері де демалушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырған.
Дегенмен жауапты мамандар тұрғындарға рұқсат етілмеген жерлерде, ағысы қатты аймақтарда және шағын кемелердің маңында шомылуға қатаң тыйым салынғанын ескертеді. Бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді.
Қазір Төтенше жағдайлар департаменті прокуратура, полиция және көлік инспекциясымен бірлесіп, шомылу маусымына дайындық жұмыстарын кешенді түрде жүргізуде. Сондай-ақ жағалауларда ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, жүйелі түрде рейдтер ұйымдастырылуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







