Ресейдің Омбы, Орынбор және Астрахань облыстарындағы мектептерде қазақ тілі оқытыла бастайды. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, Ресей тарапы Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында жаңа мектептер салуды ұсынған. Өз кезегінде Қазақстан тарапы Орынбор облысы, Омбы және Астрахань қалаларында білім беру нысандарын салу туралы бастама көтерді.
Қазір жоба инфрақұрылымдық және ұйымдастыру мәселелерін келісу кезеңінде тұр. Орынбор облысында мектеп салатын жер телімі алдын ала келісілген. Ал Омбы мен Астрахань бойынша келіссөздер әлі де жалғасуда.
Вице-премьердің айтуынша, бұл мектептерде білім беру ұлттық тілге бөлінбейді, керісінше, аралас форматта жүзеге асырылады. Яғни оқушылар екі тілде – орыс және қазақ тілдерінде білім алады.
«Бұл жерде бөлек ұлттық мектептер туралы әңгіме жоқ. Ресейдегі мектептерде де қазақ тілі оқытылады, ал біздегі мектептерде де орыс тілі үйретіледі. Екі елдегі мектептердің барлығында аралас білім беру жүйесі енгізіледі», – деді Серік Жұманғарин.
Жобаны іске асыру мерзімі оқыту әдістемелері мен бағдарламаларды түпкілікті келісуге байланысты. Тиісті келісімдерге қол қойылғаннан кейін мектеп құрылысы бір немесе бір жарым жыл ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей президенттері жақында Астанада «Сириус» білім беру инфрақұрылымы жобасын іске қосты. Болашақ халықаралық «Қазақстан – Сириус» кешенінің іргетасын қалау рәсімі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің онлайн форматтағы қатысуымен өтті.
Аталған жоба аясында Қазақстанның екі қаласы – Астана мен Алматыда ресейлік «Сириус» үлгісі бойынша заманауи білім беру орталықтары ашылады. Алматыда алғашқы мектеп пен орталықтың іргетасы 2026 жылдың қаңтарында қаланған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







