Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне арнайы барып, студент жастармен алғаш рет кең форматтағы ашық кездесу өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесу алдында облыс басшысы университеттің жас ғалымдары мен өнертапқыш студенттерінің ғылыми жобалар көрмесімен танысып, олардың зерттеу жұмыстары мен инновациялық бастамаларына жоғары баға берді. Әсіресе ғылым мен технологияны ұштастырған тың идеяларға қызығушылық танытып, жастардың ізденісі өңірдің интеллектуалдық әлеуетін арттыратын маңызды күш екенін атап өтті.
Ашық диалог барысында облыс әкімі жастармен қоғам мәдениеті, білім мен руханият, азаматтық сана, құқықтық және ақпараттық мәдениет, парасат пен жауапкершілік тақырыптарында мазмұнды әңгіме өрбітіп, тағылымды дәріс оқыды.
Өңір басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» халықаралық симпозиумында көтерген ойларына тоқталып, жастардың тарихи санасын қалыптастыруда төл тарихты білудің ерекше мәнге ие екенін айтты.
Сондай-ақ Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатындағы ізгі қоғам тұжырымдамасын, Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімі мен білімнің құндылығы туралы ойларын кеңінен талқылады. Әңгіме барысында «Адал адам» қағидатының мәніне ерекше тоқталып, қоғам дамуы әр азаматтың ішкі мәдениеті мен адалдық құндылықтарынан басталатынын жеткізді.
Ахмет Ясауи ілімінің адамды қарапайымдылыққа, сабырлылыққа, қанағатшылдық пен ішкі мәдениетке тәрбиелеудегі орны туралы тағылымды ойлар айтылды.
Жетісудың интеллектуалдық тынысы
Жетісу облысы әкімі «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызын да ерекше атап өтті. Бұл ұстаным тек құқық қорғау саласының ғана емес, әрбір азаматтың өмірлік ұстанымы мен қоғамдық жауапкершілігінің негізі болуы қажет екенін айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заң мен тәртіп – тұрақты мемлекеттің негізі» деді. Аталған ұғым тек құқық қорғау органдарына ғана қатысты емес. Ол ең алдымен күнделікті өмірдегі тәртіп, ортадағы мәдениет, өзгені сыйлау, әр азаматтың азаматтық ұстанымына қатысты. Тәртіп адамның өзінен басталады. Ол қоғамдық орында өзін ұстай білу, уақытты бағалау, өзгелерге құрмет көрсету, ортақ мүлікке жанашырлықпен қараудан байқалады», – деді әкім өз сөзінде.

Цифрландыру мен жасанды интеллект тақырыбына да ерекше назар аударылды. Жастар болашақта технологияны меңгерумен қатар сыни ойлай алатын, жаңа ортаға бейімделетін әрі ұлттық құндылықтарды сақтай білетін тұлға болуы керек деген ойын жеткізді.
Кездесу барысында облыс әкімі Біріккен Ұлттар Ұйымы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 2026 жылды «Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы» деп жариялағанын атап өтіп, осы бағытта өңірде жүзеге асырылатын бастамаларға тоқталды.
«Алдағы уақытта өңірде шетелдік еріктілермен байланысты күшейту жоспарда бар. Жетісуға әртүрлі мемлекеттерден волонтерлер шақырып, тарихи-мәдени керуен форматындағы халықаралық жобалар ұйымдастыру көзделуде. Осы арқылы Жетісудың табиғатын, тарихи орындарын, ұлттық мәдениетін, туристік әлеуетін әлемге таныта аламыз. Мұндай жобалар жастардың дүниетанымын кеңейтеді әрі халықаралық байланыс орнатуға мүмкіндік береді», – деді Бейбіт Өксікбайұлы.
Кездесу соңында студенттер адами құндылықтар, мемлекеттік қызмет, әлеуметтік қолдау және өңірдің даму бағытына қатысты өз сауалдарын қойып, облыс әкімінен ашық әрі жан-жақты жауап алды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







