Орал қаласында балалар арасында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға арналған профилактикалық іс-шара өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
1 маусым күні «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында Орал қаласының прокуратурасы мен Полиция басқармасы «Атамекен» балалар лагерінде жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.
Іс-шараға 200-ге жуық бала қатысты. Мамандар балаларға жол қозғалысы ережелерін сақтау, жолдан қауіпсіз өту, жаяу жүргіншілер өткелін дұрыс пайдалану және қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтер тағудың маңызын түсіндірді.
Теориялық бөлімнен кейін балаларға арналған интерактивті ойындар өткізіліп, көрнекі құралдар арқылы сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Осылайша қатысушылар жол қауіпсіздігі ережелерін қарапайым әрі түсінікті форматта меңгерді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, жолдағы қауіпсіздік дағдысын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







