Freedom Holding Corp. 2026 жылғы 31 наурызда аяқталған қаржылық жылдың нәтижелерін жариялап, негізгі көрсеткіштер бойынша өсім көрсеткенін мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Компанияның есебіне сәйкес, 2026 қаржылық жылындағы жиынтық түсім 2,19 миллиард долларға жетті. Салық салынғанға дейінгі пайда 226 миллион долларды, ал таза пайда 153,3 миллион долларды құрады. Бір жай акцияға шаққандағы пайда көлемі 2,56 доллар болды.
Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов өткен қаржылық жыл компания үшін экожүйені кеңейту, халықаралық нарықтардағы қатысуды арттыру және жаңа стратегиялық бастамаларды іске асыру кезеңі болғанын атап өтті.
Компания деректеріне сәйкес, түсімнің өсуіне сауда бағалы қағаздарымен операциялардан түскен табыстың артуы, тауарлар мен қызметтерді сатудан түскен кірістің көбеюі және туынды қаржы құралдары бойынша пайданың ұлғаюы әсер еткен.
Клиент саны 14 миллионнан асты
2026 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша Freedom Holding Corp. активтері 13,2 миллиард долларға жетті. Ақша қаражаты, олардың баламалары, шектеулі қаражат және инвестициялық бағалы қағаздардың жалпы көлемі 5,5 миллиард долларды құрады. Акционерлік капитал 1,5 миллиард долларға жетсе, операциялық қызметтен түскен таза ақша ағыны 185,2 миллион доллар болды.
Компания экожүйесіндегі клиенттер саны да айтарлықтай өсті. Бір жыл ішінде Freedom компанияларының клиенттік базасы 8,1 миллион адамға дейін ұлғайды. Оның ішінде брокерлік шот иелері 858 мыңға жетсе, банк клиенттерінің саны 5 миллионнан асты.
Freedom SuperApp пайдаланушыларының саны 5,2 миллионға дейін өскен. Қаржылық емес сервистердің клиенттік базасы 1,1 миллион адамнан асты. Серіктес компаниялардың аудиториясын қоса есептегенде, экожүйенің жалпы пайдаланушылар саны 14 миллионнан асады.
Қаржылық есепте бағалы қағаздар саудасынан түскен нәтиже ерекше назар аудартады. Бір жыл бұрын бұл бағытта 57,8 миллион доллар шығын тіркелсе, биыл 158,8 миллион доллар таза пайда көрсетілген. Компания мұны Қазақстанның мемлекеттік және корпоративтік облигацияларын сатудан түскен табыспен байланыстырады.
Табыс формуласы
Телекоммуникация нарығына шығу да түсімнің өсуіне ықпал етті. Бұған Freedom Cloud Holding компаниясын сатып алу және Arbuz.kz платформасындағы тапсырыстар көлемінің артуы себеп болған.
Сонымен қатар туынды қаржы құралдары бойынша табыс көлемі Freedom Bank KZ жүзеге асырған валюталық своп операцияларының оң нәтижесі есебінен өсті.
Ал сақтандыру сегментіндегі таза табыс керісінше төмендеген. Ол өткен жылғы 571,2 миллион доллардан 402,4 миллион долларға дейін азайған. Компания мұны Қазақстан заңнамасындағы өзгерістермен және қарыз алушыларды сақтандыру полистерін сатуға қатысты агенттік төлемдердің қайта қаралуымен түсіндіреді.
Жалпы шығыстар көлемі 1,97 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткіш қызметкерлердің еңбекақысы мен бонустарының, әкімшілік шығыстардың және тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнының өсуімен байланысты. Дегенмен пайыздық және комиссиялық шығыстардың төмендеуі бұл өсімді ішінара өтеген.
Түркия нарығына бет бұру
Компания әлеуметтік жобаларға да қаржы бөлуді жалғастырды. 2026 қаржылық жылында «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы түрлі қоғамдық бастамаларға 61,1 миллион доллар бағытталған.
Жылдың маңызды оқиғаларының бірі Freedom Holding Corp. акцияларының ITS World индексінің құрамына енуі болды. Бұл шешім тұрақты ребаланс нәтижесінде қабылданған.
Халықаралық кеңею стратегиясы аясында компания Түркия нарығындағы қатысуын күшейтуде. 2026 жылдың наурызында Freedom Holding Corp.-тың еншілес құрылымы – Freedom Finansal Hizmetler A.Ş. Turkish Bank A.Ş. акцияларының 99,32 пайызын сатып алу жөніндегі келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта мәміле түрік реттеушісінің мақұлдауын күтіп отыр.
Сонымен қатар компания 2025 жылғы ақпанда немістің шахматтық бағдарламалық өнімдер әзірлеушісі ChessBase GmbH компаниясының 100 пайыз үлесін сатып алу туралы келісім жасаған. Алайда 2026 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша мәміле толық аяқталмаған және бірқатар шарттардың орындалуына байланысты қарастырылып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







