Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай халықаралық олимпиадалар, ғылыми жобалар конкурстары және робототехника чемпионаттарында жеңіске жеткен дарынды оқушылармен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
1 маусым күні өткен кездесуде өңір басшысы жастарды жоғары жетістіктерімен құттықтап, олардың табыстары облыстағы білім беру жүйесінің сапасын көрсететін маңызды көрсеткіш екенін айтты.
Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын елдің болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі ретінде үнемі атап өтетінін жеткізді. Оның айтуынша, халықаралық және республикалық деңгейде жеңіске жеткен оқушылардың жетістігі – табандылықтың, үздіксіз ізденістің және білімге деген ұмтылыстың нәтижесі.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Оқушылар облыс әкімінен мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік, табысқа жетудегі тәртіп пен таланттың арақатынасы, маңызды шешім қабылдау, қазіргі жастардың ерекшеліктері және жасанды интеллект мүмкіндіктері туралы сұрады.

Дарынды жастар өздерінің ғылыми жобалары, олимпиадалардағы тәжірибесі мен алдағы мақсаттары жөнінде әңгімелеп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Өңір басшысы әрбір қатысушының пікірін тыңдап, өз тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу соңында оқушылар атынан сөз алған жастар білім мен ғылым саласына көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыстарын білдірді.
Шара барысында халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға облыс әкімінің атынан ақшалай сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында Маңғыстау облысының оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен түрлі білім бәйгелерінде жалпы 270 медаль жеңіп алған. Олардың қатарында математика, информатика, биология пәндері бойынша халықаралық олимпиадалар, ғылыми жобалар конкурстары және робототехникадан өткен халықаралық чемпионаттар бар.

📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







