Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектенов көктемгі егіс науқанының қорытындылары мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Жиынға Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, «Бәйтерек» ұлттық холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, өңір әкімдері және ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінің дамуына, азық-түлік қауіпсіздігіне және ауыл халқының өмір сапасын арттыруға ерекше назар аударып келеді.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биылғы көктемгі егіс жұмыстары толық аяқталғанын баяндады. 2026 жылы республика бойынша 23,8 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егіс құрылымын әртараптандыру жалғасуда. Биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,8 млн гектарға, майлы дақылдар 4,3 млн гектарға, мал азықтық дақылдар 3,3 млн гектарға орналастырылды.
23,8 млн гектар егіс
Егіс жұмыстарына мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілді. Шаруаларға 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді, 2,3 млн тонна тұқыммен қамтамасыз ету толық орындалды. Сондай-ақ биыл 2,3 млн тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр.

Шегірткеге қарсы күрес те ерекше бақылауда. Биыл республика бойынша 2,2 млн гектар алқап химиялық өңдеуден өтеді. Қазіргі таңда 665 мың гектар жердегі жұмыстар аяқталған.
Жиында мал шаруашылығының нәтижелері де жарияланды. Жылдың алғашқы төрт айында республикада 338 мың тонна ет өндірілді. Сиыр еті өндірісі 6,1 пайызға, қой еті 8,1 пайызға, жылқы еті 3,8 пайызға өскен.
Аусылдан таза ел
Министрдің айтуынша, мал шаруашылығының тұрақты дамуы ветеринариялық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Соңғы екі жылда жергілікті атқарушы органдар шамамен 600 ветеринариялық нысан салуға 9,1 млрд теңге бағыттады. Мемлекеттік ветеринариялық зертханаларды жаңғырту жалғасып жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан ресми түрде аусылдан таза ел мәртебесін алды.
Бұл мәртебе отандық ет өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдері экспортындағы өңделген өнім үлесі 51 пайыздан асып отыр.
Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция көлемі де өсуде. Соңғы екі жылда жалпы құны 1,6 трлн теңге болатын инвестициялар тартылып, 540 жаңа өндіріс іске қосылды. Олардың қатарында 89 мал шаруашылығы кешені, 70 тауарлы-сүт фермасы, 35 астық қоймасы, 35 көкөніс қоймасы, 16 құс фабрикасы және 11 жылыжай бар.
Премьер-министр кеңесте ірі агроқұрылымдардың әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше тоқталды.
«Мемлекет барлық қолдау шараларын жасап отыр. Бірақ ірі шаруашылықтар да жыл бойғы тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуі тиіс. Егер бұл бағытта нақты жұмыс болмаса, мемлекет жерді тиімсіз пайдаланған меншік иелерінен жер телімдерін қайтарып ала бастайды», – деді Олжас Бектенов.
Су үнемдеу дәуірі
Су тапшылығы мәселесі де күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі болды. Үкімет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігіне әкімдіктермен бірге су үнемдеу технологияларын енгізуді күшейтуді тапсырды.
Қазіргі таңда су тұтынуды азайту үшін күріш алқаптары 20,6 мың гектарға қысқартылып, 79,9 мың гектар деңгейінде қалдырылды. Ал мақта шаруашылығында тамшылатып суару технологияларын қолдану көлемі 79,8 мың гектарға дейін ұлғайды.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев вегетациялық кезеңге арналған ауа райы болжамын таныстырды. «Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, жаз мезгілінде ауа температурасы жоғары болады. Алайда шілде-қыркүйек аралығында кей өңірлерде ылғал тапшылығы байқалуы мүмкін.

«Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин аграршыларды қаржыландыру туралы баяндады. Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 1,2 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Оның ішінде 750 млрд теңге егіс және жинау жұмыстарына бағытталуда. Бүгінде фермерлерге 573 млрд теңге несие беріліп, 6,8 млн гектар жерді өңдеуге мүмкіндік жасалды.
«Зенченко и К» шаруашылығының директоры Геннадий Зенченко фермерлер қауымдастығы атынан мемлекет қолдауына оң баға берді. Оның айтуынша, жеңілдетілген қаржыландыру жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға және ауылдағы тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Аграрлық сектордағы жаңа тәртіп
Кеңес қорытындысында Премьер-министр агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық экспорттық салаға айналдыру міндеті өзгермейтінін айтты. Сонымен қатар цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын ауыл шаруашылығына кеңінен енгізу қажеттігін атап өтті.
Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне ветеринариялық қауіпсіздікті күшейтуді, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуді, шегірткеге қарсы жұмыстарды толық аяқтауды және су үнемдеу технологияларын енгізуді бақылауда ұстауды тапсырды.
Ол сондай-ақ жазғы кезеңде дала және орман өрттерінің қаупі жоғарылайтынын ескертіп, Төтенше жағдайлар министрлігіне барлық күш пен техниканың дайындық деңгейін тексеруді тапсырды.
Кеңес барысында берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктеріне жүктелді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







