Доллардың қайта қымбаттай бастауы нарық заңдылығына сай құбылыс. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамындағы өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, соңғы айларда теңгенің нығаюы мұнай бағасының өсуімен тікелей байланысты болды. Қазақстанның негізгі экспорттық тауары саналатын мұнайдың құны барреліне 65–70 доллар деңгейінен айтарлықтай жоғарылаған кезде елге түсетін валюталық түсім көлемі де артты.
«Мұнай қымбаттаған сайын экспорттан түсетін валюта көлемі көбейеді. Мұндай жағдайда теңгенің нығаюы – табиғи процесс», – деді Тимур Сүлейменов.
Сонымен бірге ол валюта бағамына тек ұсыныс емес, сұраныс та әсер ететінін атап өтті. Әсіресе корпоративтік сектордың, квазимемлекеттік компаниялардың және мемлекеттік жобалардың импорттық сатып алулары мен инвестициялық бағдарламалары шетел валютасына деген қажеттілікті арттырады.
Ұлттық банк төрағасының сөзінше, валюта нарығында маусымдық фактор да бар. Жылдың алғашқы айларында доллар сұранысы әдетте төмен болады. Ал жаз мезгілі мен жылдың соңына қарай импорттық келісімшарттар мен инвестициялық жобалардың белсенділігі күшейіп, валютаға сұраныс өседі.
«Жыл басында сұраныс аздау болады. Ал жылдың ортасы мен соңында ол артады. Қазір біз осы маусымдық үрдісті байқап отырмыз», – деді ол.
Сүлейменовтің пікірінше, доллардың әлсіреуі мен кейін қайта нығаюы нарықтағы қалыпты құбылыс. Бағам қозғалысы әкімшілік шешімдерден емес, сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігінен қалыптасады.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда соңғы екі жылда алғаш рет базалық мөлшерлеме төмендетілді. Ұлттық банк мөлшерлемені жылдық 18 пайыздан 17 пайызға дейін қысқартты. Сарапшылардың бағалауынша, бұл шешім несие нарығына, депозиттерге және валюта нарығындағы көңіл күйге де әсер етуі мүмкін.
Қаржы нарығы өкілдерінің пікірінше, жаз айларында теңге бағамына мұнай бағасы, экспорттық түсім көлемі, маусымдық импорт және инвесторлардың белсенділігі негізгі ықпал ететін факторлар болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







