Астанада «Әділет» партиясының Саяси кеңесінің отырысы өтіп, ұйымның алдағы даму бағыты, өңірлік құрылымдарды нығайту және партиялық жұмысты жетілдіру мәселелері талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиын барысында партия төрағасы Айбек Дәдебай соңғы уақытта әділдік идеясына деген қоғамдық сұраныстың күшейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, партияның құрылуы да қоғамдағы әділеттілікке деген ұмтылыс пен белсенді азаматтардың қолдауының нәтижесі болды.
– Бүгінде әділдік идеясын қоғам барған сайын кеңінен қолдап келе жатқанын көріп отырмыз. Партия төңірегіне еңбек адамдары, кәсіби қауымдастық өкілдері, жастар мен қоғам қайраткерлері топтасып жатыр. Біздің басты міндетіміз – азаматтардың сенімін ақтау және нақты істер арқылы әділетті қоғам құруға үлес қосу, – деді Айбек Дәдебай.
Партия төрағасының сөзінше, қазіргі кезеңде ұйым алдында өңірлерде тұрақты құрылымдар қалыптастыру, заманауи партиялық басқару жүйесін енгізу және сараптамалық әлеуетті күшейту міндеті тұр. Сонымен қатар кадрлық резерв қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылмақ.
Отырыс барысында 14 маусым күні Астанада өтетін партияның ІІ съезіне дайындық мәселелері қаралды. Саяси кеңес мүшелері ұйымдық құрылымды жетілдіру, өңірлердегі жұмысты күшейту және қоғамдық байланыстарды кеңейту бойынша ұсыныстарды талқылады.
«Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аят Сүгірбай өңірлік ұйымдардың рөлін күшейтудің маңызын атап өтті. Оның пікірінше, партияның нақты күші орталықтағы кеңселерде емес, жергілікті жердегі белсенді мүшелердің жұмысы арқылы қалыптасады.
Ал саясаттанушы Бүріхан Нұрмұхамедов қазіргі кезеңде қоғамды әділдік, жауапкершілік және жасампаз даму идеялары төңірегінде біріктірудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдық тұрақтылық пен саяси жаңғыру азаматтардың белсенді қатысуынсыз мүмкін емес.
Партия өкілдерінің мәліметінше, алдағы кезеңде қоғамдық және кәсіби бірлестіктермен ынтымақтастық кеңейтіледі. Сондай-ақ Әділетті Қазақстанды дамытуға бағытталған жаңа бастамалар әзірлеу жоспарланып отыр.
Саяси кеңесте айтылған пікірлерден байқалғандай, партия өзінің негізгі бағытын әділдік, ашық диалог және қоғамдық жауапкершілік қағидаттарына негіздеуді көздейді. Ұйым өкілдері бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін өңірлердегі жұмысты күшейтіп, азаматтардың күнделікті мәселелеріне жақын болуға басымдық беретінін мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







