Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықты анықтау тәртібіне өзгеріс енгізілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 17 маусымдағы №247 бұйрығымен учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережеге және отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік әл-ауқатын анықтау әдістемесіне түзетулер енгізілді. Жаңа тәртіп шілде айының басында күшіне енеді.
Өзгерістер атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде қолданылатын бірқатар ұғымды нақтылайды. Енді мансап орталығы еңбек мобильдігі орталығының филиалы ретінде көрсетіледі. Ол аудандарда, елордада, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда орталықтың функцияларын орындайды.
АӘК кімге бұйырады
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындайтын уәкілетті орган да нақты белгіленді. Оған елорда, республикалық маңызы бар қала, аудан, облыстық маңызы бар қала және қаладағы ауданның жергілікті атқарушы органы жатады.
Учаскелік комиссия туралы ереже де жаңаша бекітіледі. Комиссия туралы құжат үлгілік ереже негізінде әзірленіп, жергілікті өкілді органдармен келісіледі және облыстардың, елорданың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары тарапынан бекітіледі.
Өтініш берушінің құқығына қатысты да маңызды норма енгізілді. Егер азамат комиссия қорытындысымен келіспесе, ол шешімге Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабында көзделген тәртіппен шағымдана алады.
Мұқтаждықты анықтау критерийлері де нақтыланды. Атаулы әлеуметтік көмек Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тағайындалуы мүмкін. Негізгі шарт өзгермейді: отбасының немесе адамның жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспауы керек.
Сонымен бірге отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік әл-ауқатын бағалау кезінде қолданылатын балл жүйесі қайта қаралды. Жаңа түзетулер кредиттік міндеттемелер, тұрғын үймен қамтылу және жеке қосалқы шаруашылық сияқты көрсеткіштерге қатысты.
Кредит бойынша 90 күннен асқан және 1000 теңгеден жоғары мерзімі өткен берешек болмаса, 0 балл қойылады. Егер мұндай берешек отбасының бір кәмелетке толған мүшесінде болса, 250 балл шегеріледі. Ал 90 күннен асқан және 1000 теңгеден жоғары мерзімі өткен кредит берешегі отбасының барлық кәмелетке толған мүшесінде болса, 500 балл шегеріледі.
АӘК жүйесінде жаңа балл есебі болады
Тұрғын үймен қамтылу көрсеткіші де жеке бағаланады. Егер отбасының немесе адамның баспанасы болмаса, 200 балл шегеріледі. Бір тұрғын үйі болып, әр отбасы мүшесіне 18 шаршы метрден аз аумақ келсе, 80 балл шегеріледі. Ал бір тұрғын үйі болып, әр адамға 18 шаршы метрден көп аумақ келсе, 0 балл қойылады.
Бірнеше тұрғын үйі бар адамдар үшін керісінше қосымша балл есептеледі. 2-3 тұрғын үйі болса, 100 балл, 3-6 тұрғын үйі болса, 400 балл, 6-11 тұрғын үйі болса, 1000 балл, ал 11-ден көп тұрғын үйі болса, 2000 балл қосылады.
Жеке қосалқы шаруашылық та әлеуметтік әл-ауқатты бағалау кезінде ескеріледі. Егер жеке қосалқы шаруашылық болмаса, 0 балл қойылады. Құны 500 мың теңгеге дейін болса, 50 балл, 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін болса, 150 балл, 1 миллионнан 2 миллион теңгеге дейін болса, 350 балл, ал 2 миллион теңгеден асса, 600 балл есептеледі.
Бұл өзгерістер атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықты нақтырақ бағалауға бағытталған. Яғни отбасының тек табысы ғана емес, кредиттік жағдайы, баспанасы, қосалқы шаруашылығы және жалпы әлеуметтік-экономикалық мүмкіндігі де ескеріледі.
Жаңа тәртіп әлеуметтік көмекті шын мұқтаж отбасыларға бағыттауды көздейді. Сонымен қатар азаматтарға комиссия шешіміне шағымдану құқығының нақты көрсетілуі мемлекеттік қолдау жүйесіндегі ашықтық пен жауапкершілікті күшейтуі тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







